Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Көксу ауданында болып, жергілікті мәслихат депутаттарының келісімімен аудан әкімі лауазымына бұған дейін осы аймақта аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Дәулет Халеловті тағайындады. Жаңа әкімнің алдына Көксу өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар басым міндеттер қойылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан активімен кездесу барысында Бейбіт Исабаев Дәулет Кенжеханұлы еңбек жолының көп бөлігін осы ауданда өткізгенін, оның ауданды басқаруға қажетті білімі мен тәжірибесі бар екенін атап өтті. «Дәулет Халелов осы жерде туған, мемлекеттік қызмет өтілі 22 жыл. Аудан әкімінің орынбасары ретінде ауыл шаруашылығы, құрылыс, әлеуметтік сектор, ішкі саясат сияқты бірқатар маңызды салаларға жетекшілік етті. Алдағы уақытта ауданды дамыту ісіне бар күшін салады деп сенемін», - деді Бейбіт Исабаев.
Дәулет Халелов өзіне сенім артқан басшылыққа алғысын білдіріп, әріптестерімен бірлесіп ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған міндеттерді сапалы іске асыру жолында жауапкершілікпен жұмыс істейтініне сендірді.
Облыс басшысы ауданның жаңа әкімі мен атқарушы органдарына өңірдің экономикасын жандандыру, әсіресе ауыл шаруашылығы мен қант саласын дамытуда тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Сол сияқты аграрлық бағытты, әрі қолда бар әлеуетті ескере отырып, инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға ерекше назар аудару қажет. Жайылымдық жерлермен қамту, бордақылау алаңдарының толық қуатында жұмыс істеуі тұрақты бақылауда болуы тиіс. Бұл ретте «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл шаруашылығын қолдауға ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнестің түрлі бағыттарын дамытуға мүмкіндік беретіні жайлы халықты тұрақты хабардар ету керек.
- Қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, газдандыру, сумен жабдықтау және жол жөндеу мәселелері басты назарда болуы тиіс. Ауданда осы бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде, айқын жоспарларымыз бар. Енді ең бастысы, бюджет қаражатының мақсатты игерілуін қамтамасыз ете отырып, оларды сапалы және мерзімінде іске асыру қажет. Ашық жұмыс жасаңыз, халықпен жиі кездесіңіз, тұрғындардың проблемалық мәселелерінің көпшілігін сіз жергілікті жерлерде шеше аласыз. Ал біз өз тарапымыздан ең ауқымды проблемаларды жүйелі түрде шешуге қажетті қолдау көрсетеміз, - деп сөзін қорытындылады облыс әкімі Б.Исабаев.
Актив барысында жергілікті ардагерлер де сөз сөйлеп, халықты бірге жұмыс істеуге шақырып, өз тарапынан ауданның жаңа әкіміне Көксу өңірінің игілігі үшін ортақ міндеттерді шешуде қолдау көрсететініне сендірді.
ТАҒАЙЫНДАУ
Жетісу облысы әкімінің өкімімен Дәулет Кенжеханұлы Халелов Көксу ауданының әкімі болып тағайындалды.
Дәулет Кенжеханұлы Халелов
1975 жылы туған. Білімі жоғары. Қазақ Мемлекеттік аграрлық университетін бухгалтерлік есеп, шаруашылық қызметті бақылау және талдау мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Көксу ауданындағы «Қабылиса» өндірістік кооперативінің бухгалтері болып бастап, кейін «Көксу-Шекер» ААҚ-ның бухгалтері қызметін атқарды.
Әр жылдарда Көксу ауданы әкімінің көмекшісі, Көксу ауданы Лабасы ауылдық округінің әкімі, Көксу ауданы әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс істеді.
2014 жылдың наурызынан – Көксу ауданы әкімінің орынбасары.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай