Ауылдағы көп пәтерлі тұрғын үйді инвесторлар газға тегін қосып берді

Ауылдағы көп пәтерлі тұрғын үйді инвесторлар газға тегін қосып берді

Жетісу облысында газ тасымалдау компаниясы өз есебінен ауылдық жердегі 50 пәтерлі тұрғын үйді газға қосып, бұл жұмыстарға 2,5 млн. теңге жұмсады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Көксу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Мәди Кәрібаевтың айтуынша, жалпы аудан бойынша 7 елді мекен газдандырылған, жақын күндерде бұл тізімге Мұсабек ауылы да қосылады. Ал Балпық би ауылының осы шағын ауданында 200 пәтерлік көп қабатты 5 жаңа үй бар. 2019 жылдан 2023 жылға дейін бюджет есебінен 4 үйді газға кезең-кезеңімен қосты. Енді көгілдір отынға 5-ші көп қабатты үй қосылып отыр. Бұл үйлердің тұрғындарына газ қостыру әр пәтерге шамамен 35 мың теңге көлемінде айналған болатын. Дегенмен жеке компания оны өз есебінен тегін қосып беруге ниет білдіріпті.  

Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев ауыл тұрғындарына қаратып:

- Көп қабатты үй тұрғындарының басым бөлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады, сондықтан облыс басшылығының тапсырмасы бойынша біз инвесторлардан көмек сұрадық. Жергілікті "BSP-Group Ltd" ЖШС газ тасымалдау компаниясы қолдау білдіріп, 2,5 млн.теңге жеке қаржысын салды. Тиісті жұмыстар толықтай жүргізіліп, бүгін көптен күткен көгілдір отын пәтерлеріңізге беріліп отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, сіздерге тағы бір қуанышты жаңалықты жеткізейін. Келесі жылдан бастап Балпық би ауылы орталықтандырылған ыстық суға қосылады. Қазір тиісті жобаларын дайындап жатырмыз, - деді аудан әкімі.

Көп пәтерлі үй тұрғындары да қуанышын жасырмады:

- Біз осы сәтті 7 жыл күттік. Қалай болғанда да көрші көп қабатты үйлер газға тегін қосылды ғой. Сол себепті біздің үйді де тегін қостыруын сұрап, осы мәселемен облыс әкіміне, аудан басшылығына жүгіндік. Тиісті көмекті жасады. Газға қостыруға қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкерлерімізге тұрғындардың атынан алғыс білдіремін. Сондай-ақ, біз тұратын пәтерлерді заңдастыру мәселесі де шешілді, - деді тұрғын Айман Тойшыбекова.

Көпқабатты үйдің тағы бір тұрғыны, зейнеткер, өмірінің көп бөлігін қант қызылшасы алқаптарында өткізген еңбек ардагері Сәуле Тәнтібаева да ризашылығын жеткізді. «Біздің үй газға тегін қосылғанына қуанып отырмыз. Бұл бізге – үлкен қолдау. Енді өзі ауыр, өзі қауіпті газ баллондарын пайдаланбайтын болдық», - деді ол.

Атап өтсек, Көксу ауданында 34 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады. Қазіргі кезде Балпық би, Теректі, Мұқыры, Бесқайнар, Жамбыл, Мәмбет, Амангелді ауылдары, яғни 7 елді мекен газдандырылды. Мұсабек, Еңбекшіқазақ ауылдарын, Көксу станциясын газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, ауданның барлық газдандыруға жататын елді мекендері 2025 жылға дейін газдандырылады деп жоспарлануда.

Жетісу облысында барлығы 22 елді мекен газдандырылып, 288 мың адам газға қол жеткізді. Осы жылы жалпы сомасы 22,9 млрд. теңгеге газ тарату желілерін салу бойынша 22 жоба іске асырылуда, соның нәтижесінде 1061 км желі салынады. Оның ішінде биыл 20 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.\

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Фотограф: Дмитрий Ерофеев