Жетісу облысында автокөліктің жаңа тіркеу нөмірін алғаш болып Талдықорғанның 35 жастағы тұрғыны алды

Жетісу облысында автокөліктің жаңа тіркеу нөмірін алғаш болып Талдықорғанның 35 жастағы тұрғыны алды

Қайта құрылған Жетісу облысында көліктің мемлекеттік тіркеу номері беріле бастады, - деп хабарлайды Жетісу облысындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының баспасөз қызметі.

Тарихи сәтте ең алғашқы болып көлігіне жаңа мемлекеттік номер алған Біржан Жаңғабылов.

"Елімізде Жетісу облысы 19-өңір болып тіркелді. Соған сәйкес 019 ААV 19 номерін автокөлігіме алдым. Тіркеу 20 қыркүйек күні түнгі сағат 23:30 да жүргізілді. Ал көлік номері бүгін таңертеңгі сағат 09:00 де берілді. 35 жастамын. Талдықорған қаласының тұрғынымын. Осындай тарихи сәттің куәсі болғанға қуаныштымын", - деді Біржан Жаңғабылов.

Жетісу облысына жаңа номерлерді тіркеу 20-шы қыркүйектен басталды. Ал бүгіннен бастап тұрғындардың қолына номерлері беріле бастады.

"Жалпы Жетісу облысына 19-шы аймақ бойынша 500-ге жуық көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлері келді. 20-шы қыркүйектен бастап оны тіркеп, берілу басталды. Сондай-ақ бұған дейін Алматы облысының 05 мемлекеттік тіркеу номерімен жүрген Жетісу облысының тұрғындары көліктерін қайта тіркеуге ауыстырғанға дейін ескі номерлерімен жүруге болады",- деді Талдықорған қаласындағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлім басшысының міндетін атқарушы Болат Айманбетов.

Айта кетейік, бүгін Жетісу облысында 150-ден аса адам көліктің жаңа мемлекеттік тіркеу номерін алып үлгерген.