
Жетісу облысында кезектегі азаматтар жаңа тұрғын үйлерге ие болды. Баспана кілтін беру салтанаты Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның 90 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар аясында өткізілді. Жаңа үй иелеріне кілттерін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көксу ауданы Зылиха Тамшыбай ауылында салынған үйлердің кілтін беру барысында Бейбіт Исабаев жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады:
- Бүгін ауылдарыңызда қос қуаныш. Бақытын еңбектен тапқан Зылиха Тамшыбаева апамыздың 90 жылдығына арналған тағылымды шаралар өтіп жатыр. Сонымен қатар осы ауылда салынған жаңа үйлердің алғашқы қоныстанушыларына кілт тапсырғалы отырмыз. Президенттің халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әл-ауқатын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес бұл үйлерде өмір сүруге барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Осы жаңа қоныста ұрпақтарыңызбен өсіп-өне беріңіздер, үйлеріңіздің іші құт-берекеге толсын, - деді Б. Исабаев.
Баспаналы болған кезекте тұрған азаматтар ризашылық пікірін білдірді. Солардың арасында көп балалы ана Лаура Азамбаева да бар.
- Біздің отбасымызда 8 баламыз бар, немерелі де болдық. Жолдасым Марат Әбдіғали Көксу қант зауытында жұмыс істейді. Тұрғын үй кезегіне 2023 жылы тұрғанбыз. Бүгін, міне, көптен күткен үйімізге қол жеткіздік. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, - деді ол.
Атап өтсек, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Зылиха Тамшыбай ауылында 15 жеке тұрғын үй салынған болатын. Осы күні кезекте тұрғандарға 5 үй берілді. Қалған 10 үй де пайдалануға дайын. Мұндағы әрбір тұрғын үйдің жалпы ауданы 73,0 шаршы метр. Бұл үйлерді азаматтарға «Отбасы банк» АҚ белгіленген тәртіппен беруді жүзеге асырады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев