
5 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күніне орай Көксу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының және Лабасы ауылдық округі сайлау комиссияларының ұйымдастыруымен «Сайлау комиссияларының тиімді жұмысының негізгі қағидаттары ретінде кәсібилік пен алқалылық» тақырыбында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері арасында волейболдан турнир ұйымдастырылды.
Аталған спорттық шараның басты мақсаты – сайлау комиссиялары мүшелері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, командалық рухты қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ кәсіби тәжірибе алмасуға қолайлы орта қалыптастыру болды. Сонымен қатар, бұл турнир сайлау комиссияларының қызметіндегі бірлік, жауапкершілік пен өзара қолдау секілді маңызды құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Турнирге аудан аумағындағы бірқатар учаскелік сайлау комиссияларының командалары қатысып, жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен белсенділікті көрсетті. Жарыс барысында командалар тартысты әрі қызықты ойын өрнегін ұсынып, өзара сыйластық пен әділ бәсекелестік қағидаттарын қатаң сақтады. Әрбір ойын қатысушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, жағымды көңіл күй сыйлады.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлделі орын иегерлері анықталып, оларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, жарысқа белсенді қатысып, ұйымшылдық танытқан барлық командаларға алғыс білдіріліп, олардың еңбегі жоғары бағаланды.
Іс-шара соңында осындай спорттық-тәрбиелік бағыттағы бастамалар сайлау комиссиялары мүшелерінің бірлігін арттырып, кәсіби қызметті тиімді әрі үйлесімді атқаруға оң ықпал ететіні атап өтілді. Болашақта да мұндай мазмұнды әрі пайдалы шараларды дәстүрлі түрде өткізу жоспарланатыны айтылды.