Көксу ауданында жаңа форматта халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Көксу ауданында  жаңа форматта  халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Жетісу облысының Көксу ауданында халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңғырту аясында, кеңсе заманауи цифрлық жүйе форматында аудан тұрғындарына есігін қайта ашты.
Мұнда 1300-ге жуық мемлекеттік қызмет көрсетіледі, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиалы.
Цифрлық кеңселердің әдеттегі халыққа қызмет көрсету орталықтарынан басты айырмашылығы – соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету мен қызмет көрсетудің заманауи көзқарасын қалыптастыру. «Халыққа қызмет көрсету бөлімі заман талабына сай цифрлық кеңсе ретінде ашылды. Кеңсе дизайны да өзгертілді,бұл қызмет алушылардың қызмет алу барысын жеңілдетіп, барынша ыңғайлы етеді. Мәселен, «күлгін түсті аймақта» тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсетілсе, “Жасыл аймағында” дайын құжаттар табысталады.“Сары аймақта” барлық қызмет түрі 20 минут ішінде көрсетіліп, «жылдамдық аймағы» ретінде белгіленген. Мысалы, оған туу туралы куәлік, неке қию туралы куәлік, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу сынды қызметтер кіреді. Жалпы ауданда 1295 қызмет түрі көрсетіледі, оның ішінде 1238-і электронды форматта жүргізіледі. Яғни, тұрғындар бұл қызметтерді электронды үкімет порталы арқылы да ала алады», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының облыстық филиал директоры Абзал Омаров.

Естеріңізге сала кетейік, цифрлық кеңсе Көксу ауданы, Балпық би ауылы, Балпық би көшесі, 10 «В» мекенжайы бойынша орналасқан.
Аудан тұрғындары жұмыс күндері 9.00-ден 18.00-ге дейін мемлекеттік қызмет ала алады.