Жетісу облысында өткен жарты жылда жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) өңірдің 119 ауылды қамтыды. Бұл ретте оның көмегімен 58 мыңнан астам адам медициналық тексеруден өтсе, соның 2 мыңнан астамы бала, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ЖМК автокөлігінде кабинеттер бірнеше кабинет қарастырылған, атап айтқанда жалпы дәрігерлік кабинет, кардиолог, офтальмолог, флюорография, оториноларинголог және дәріхана пункті, стоматолог, акушер-гинеколог, хирург, рентгенолог және функционалдық диагностика, зертханалық диагностика кабинеттері орналастырылған.
Жылжымалы медициналық кешен жыл сайын бекітілген кесте бойынша барлық ауылдарды аралап, дәрігерлер ауруларды ерте кезеңде анықтауға ықпал етеді.
Мәселен, Көксу ауданындағы мұндай кешен КАМАЗ автокөлігі базасында орналастырылған. Кешеннің жетекшісі Гүлжан Қорабаеваның айтуынша, өткен жылы осы автокөліктің көмегімен ауданда 14 383 тұрғын медициналық көмек алды. Ал осы жылдың сегіз айында 5456 адам медициналық тексеруден өткен.
- Ауыл халқының санына байланысты жылжымалы емхана әр елді мекенде бірнеше күн, кейде бірнеше апта бойы жұмыс істейді. Кешен рентген, УЗИ, тіс емдеу, электрокардиография, офтальмологиялық аппараттармен, гинекологиялық орындықпен, зертханалық құралдармен жабдықталған. Алыстағы елді мекендердің тұрғындары тиісті мамандардан қажетті медициналық көмек алады, - деді Н. Қорабаева.
ЖМК-ның жұмысының халыққа тиімділігі жайлы жуырда кешен қызмет көрсеткен Мұқыры ауылының тұрғындары пікір білдірді.
– Дәрігерлер келгенін ести сала бірден тексерістен өтуге келдім. Өзім гипертониямен есепте тұрмын. Жылжымалы кешеннің арқасында ешқайда барудың қажеті жоқ, мұнда егде жастағы адамдар үшін қолайлы жағдай жасалған, – деді Жұмаділ Жолдыбаев.
Ауыл тұрғынының бірі Диляра Юсупова да осындай пікірде:
– Мұның ыңғайлылығы сол, барлық мамандар бір жерде орналасқан. Биыл ауылдағы дәрігерлік амбулаториямыз да жаңартылды. Медицина мамандарының жетіспеушілігі мәселесін де шешілді, – дейді Мұқыры ауылының тұрғыны.
Атап өтсек, жергілікті дәрігерлік амбулаторияға жалпы практика дәрігері Салтанат Темірәлиева «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы келген. Жас маман бұл ауылға мемлекеттен 10 миллион теңге көлемінде бір реттік көтерме ақы алған.
- Өзім Қарағанды медициналық университетін бітіріп, Астанада интернатурадан өттім. Жолдасым осында аға фельдшер болып жұмыс істейді. Күн сайын шамамен ондаған пациентті қабылдаймыз. Амбулаторияға 3200 адам тіркелген.Менің басты міндетім – округ тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп, мүмкіндігінше аурудың алдын алу. Жалпы практика дәрігерлері тұтас отбасыларды бақылауға алады, біз педиатр немесе терапевт деп бөлінбейміз, бәрін білуіміз керек. Мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай көтерме ақы біздің жас отбасымыз үшін үлкен қолдау болды, - деді ол.
Ауыл тұрғындарына 8 ЖМК қызмет көрсетеді, оның 3-еуі КамАЗ, 5-еуі автобус базасында орналастырылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков