«Таза Қазақстан»: Көксу ауданында «Ауылдағы Асар» экологиялық акциясы өтті

«Таза Қазақстан»: Көксу ауданында «Ауылдағы Асар» экологиялық акциясы өтті

Бүгін Жетісу облысы Көксу ауданы, Мұқыры ауылында «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында ауыл тұрғындарының, жастардың және еріктілердің қатысуымен кең көлемді «Ауылдағы асар» атты экологиялық акция ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – ата-бабамыздан жеткен «Асар» дәстүрін жаңғырту, ауыл тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға үндеу, ауылды таза әрі көрікті ұстау. Сонымен қатар акция жастардың жауапкершілігін арттыруға, ынтымақ пен бірлікті нығайтуға бағытталды. Акция барысында ауыл көшелері мен қоғамдық аумақтар тазартылып, ауыл маңындағы қоқыс орындары жойылды. Қатысушылар жиналған қоқысты сұрыптап, арнайы көліктерге тиеп шығарды. Сонымен бірге экология мамандары ауыл жастарына қоршаған ортаны қорғаудың маңызы, табиғатқа жанашырлықпен қараудың қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, «Ауылдағы асар» – бұл тек тазалық жұмыстары емес, ауылдағы ынтымақ пен бірлікті нығайтып, жастардың бойына табиғатты қорғау мәдениетін сіңіретін маңызды бастама.

Акцияның ерекшелігі - ауыл тұрғындарының барлығы бір кісідей жұмылып, дәстүрлі асар үлгісін көрсетті. Әсіресе жастардың белсенділігі ерекше байқалды. Олар тек қоқыс жинаумен шектелмей, әлеуметтік желілерде #АуылдағыАсар хэштегі арқылы акция барысын кеңінен насихаттап, ауылдың жақсы имиджін қалыптастыруға үлес қосты.

Жетісу облысында өткізілген «Ауылдағы асар» акциясы – ұлттық дәстүрді ұлықтаумен қатар, қазіргі заман талабына сай экологиялық мәдениетті дамытудың жарқын үлгісі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Іс-шараға 50-ге жуық жас қатысты. Солардың бірі Медет Әнуарұлы өз пікірін білдірді.

- Бүгінгі «Ауылдағы Асар» акциясына қатысқаныма өте қуаныштымын. Табиғатқа жанашырлықпен қарап, ауылымызды тазартуға үлес қостық. Мұндай шаралар бізге бірліктің, ынтымақтың қаншалықты маңызды екенін сезіндіреді. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, алдағы уақытта да ауылымыздың тазалығын бірге сақтаймыз деп сенемін, - деді ол.

#АуылдағыАсар #ТазаҚазақстан #ЭкологиялықАкция #ТабиғаттыҚорғау #ЖасылБолашақ #АсарДәстүрі #ТазаАуыл #Жетісу #КөксуАуданы

Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша