
9 Мамыр – Жеңіс күні құтты болсын!
Бүгін Жарлыөзек ауылдық округінде 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Тағылымы мол шараға ауыл тұрғындары, ауыл ақсақалдары, мекеме қызметкерлері мен жастар қатысып, ел үшін жанын қиған батырлардың рухына тағзым етті.
Іс-шара барысында соғыс жылдарында ерлік көрсеткен майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің есімі ерекше құрметпен аталып өтті. Жиналған қауым ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, батыр бабалардың рухына бір минут үнсіздік жариялады. Бұл – бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге деген шексіз құрмет пен ұрпақ парызының белгісі.
Шара барысында ауыл ақсақалдары Нұрпейісов Аманжол және Байжұман Дәрібай сөз сөйлеп, барша ауыл тұрғындарын Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Өз сөздерінде бейбіт өмір мен тыныштықтың қадірін айтып, жас ұрпақты отансүйгіштікке, елін құрметтеуге шақырды.
Жеңіс күні – батырлардың ерлігі мен қайсарлығын ұлықтайтын, ел бірлігі мен татулығын дәріптейтін қасиетті мереке. Бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмірі – майдан даласында ерлікпен шайқасқан аталарымыздың жанқиярлығының жемісі. Сондықтан ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.