
21 наурыз күні Мұқаншы ауылдық округіне қарасты Көксу бекеті мен Жетіжал ауылында Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Ұлттық дәстүрлерді насихаттау мақсатында Көксу бекетінде арнайы этнографиялық көрме ұйымдастырылып, ауыл ақсақалдары ақ баталарын берді. Сонымен қатар, мерекелік концерт өткізіліп, көрермендерге әсем әндер мен күмбірлеген күйлер тарту етілді.
Мерекенің сәнін кіргізген спорттық жарыстар да жоғары деңгейде өтті. Қазақ күресі, жүгіру, бес тас, қошқар көтеру, гір тасын көтеру, шахмат, тоғызқұмалақ, арқан тарту сияқты ұлттық және спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы жүлделер мен алғыс хаттар табысталды.
Наурыз – бірлік пен берекенің мерекесі. Осындай игі шаралар халықтың рухын көтеріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосады. Көксу бекеті мен Жетіжал ауылында өткен бұл мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.