«Әз Наурыз – қош келдің!»

«Әз Наурыз – қош келдің!»

Еңбекші ауылдық округіне қарасты Зылиха Тамшыбай ауылында Ұлыстың ұлы күніне орай 2026 жылдың наурыз айының 21 күні «Әз Наурыз – қош келдің!» атты кең көлемді концерттік және спорттық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.

Мерекелік шараға ауыл тұрғындары белсене қатысып, ұлттық рухты көтеретін тағылымы мол кешке куә болды. Іс-шара барысында округ әкімі Мұрат Мұқашұлы және ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, барша жиналған қауымды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, елге амандық, жұртқа тыныштық, әр шаңыраққа береке мен бірлік тіледі.

Мерекенің мазмұнын арттыра түсу мақсатында ауылдың бес көшесі өзара ынтымақ танытып, әрқайсысы бөлек-бөлек ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор көріністер қойды. Бұл көріністер арқылы жас ұрпаққа ата-бабадан қалған асыл мұралар насихатталып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Сонымен қатар, ауыл өнерпаздары да шет қалмай, ән мен жырдан шашу шашып, әсем билерімен көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кеш барысында ұлттық нақыштағы өнер көрсетіліп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Мерекелік шара тек концерттік бағдарламамен шектелмей, спорттық жарыстармен де жалғасын тапты. Атап айтқанда, ауыл жастары арасында футболдан тартысты сайыс өтіп, ұлттық ойын – «асық атудан» да жарыс ұйымдастырылды. Қатысушылар белсенділік танытып, өзара бақ сынасты.

Іс-шара соңында округ әкімі Мұрат Мұқашұлы мерекені жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан және белсенділік танытқан бес көшенің тұрғындарына алғысын білдіріп, арнайы марапаттар табыстады.

Бұл мереке ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, жастарға өнеге беруге үлкен ықпал етті.