
2025 жылдың сәуір айында Жетісу облысы Кербұлақ ауданында бастау алған J-League жобасы аясында мектеп оқушылары арасында футбол, волейбол және баскетбол спорт түрлерінен турнирлер белсенді түрде өтіп жатыр. Жоба жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануына, командалық рухты қалыптастыруға және спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда, 18 мамыр күні Кербұлақ ауданында аталмыш спорт түрлері бойынша кезекті жарыстар ұйымдастырылып, жас спортшылар өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Көптен күткен бұл күнде үздік командалар мен ойыншылар марапатталып, арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
Шараның басты мақсаты — балалардың спортқа деген қызығушылығын оятып, жеңіске деген құлшынысын арттыру, сондай-ақ тәжірибе жинап, өз қабілеттерін шыңдауға жағдай жасау.
J-League жобасына Жетісу облысы бойынша 887 команда тіркеліп, ауқымды спорттық додаға айналғанын атап өткен жөн. Бұл көрсеткіш — жобаның балалар мен жасөспірімдер арасында үлкен қолдауға ие болғанының дәлелі.
Жоба алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас спортшыларға жаңа мүмкіндіктер сыйламақ.