Аудан әкімі Есболатов Қанат Болатұлы алғашқы жұмысын Сарыөзек ауылының өзекті болып тұрған мәселелерінен бастады.

Аудан әкімі Есболатов Қанат Болатұлы алғашқы жұмысын Сарыөзек ауылының өзекті болып тұрған мәселелерінен бастады.

Бүгінде ауылдағы ең өзекті мәселелердің бірі – апатты жағдайда тұрған ескі үйлер. Қанат Есболатов Рысқұлов көшесінде орналасқан екі қабатты тұрғын үйлердің жағдайын қарап шығып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, Сарыөзек ауылында Рысқұлов, Әл-Фараби, Масанова, Вожакина және Майлин көшелерінің бойында екі қабатты 36 тұрғын үй бар. Оның 2-і қаңқалы, қалған 34-і қызыл кірпіштен салынған.

Аудан басшысы тұрғындардың сыни пікіріне назар аударып, Сарыөзек ауылындағы қоқыстың шығарылмауы мәселеге айналып отырғанына көңіл бөлді. Ал Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында орналасқан 5 қабатты 30 пәтерлі тұрғын үйдің ауласындағы қоқыстың шығарылмау себебі тұрғындардың жауапсыздығынан болып отыр.

Сондай-ақ, ауыл әкімі Батырхан Ешметұлынан қоқыс шығаратын көліктер ұйымдастыруды талап етіп, әкімдікке бақылауды күшейтуді тапсырды.

Қанат Болатұлы 5 қабатты 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысып, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Асхат Жанатұлына сын, ескертпелерін айтты.

Қанат Болатұлы ауыл әкіміне, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына, ауыл көшелерін, саябақтарды санитарлық күтіп ұстау жұмыстарымен және қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мердігер ұйымдардың басшыларына ірі көлемді қоқыстарды шығару, сенбіліктер өткізу, ауылды абаттандыру, т.б. мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар қараусыз қалған мал иелеріне ӘҚБтК-нің 408-бабының 1-бөлігі бойынша 3 АЕК көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік хаттама толтырылатының естеріңізге сала кетейік. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мал иелері тарапынан салғыттық таныту фактілері азаймай тұр. Бұл автожолдардағы жол-көлік оқиғаларына және мал ұрлығына алып келеді.