Дала даярлығы – жауынгерлік шеберліктің негізі

Дала даярлығы – жауынгерлік шеберліктің негізі

Сарыөзек гарнизонындағы 29108 әскери бөлімінің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес артиллериялық бөлімшелердің бір айлық лагерлік жиыны басталды. Жауынгерлік машықты жетілдіруге бағытталған оқу-жаттығу мұмыстары Сарыөзек оқу-жаттығу полигонында ұйымдастырылуда.

Лагерлік жиынның негізгі мақсаты – артиллериялық бөлімшелердің жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру, жеке құрамның теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру және қару-жарақ пен әскери техниканы белгіленген талаптарға сай қолдану дағдыларын жетілдіру.

Жиын барысында әскери қызметшілер күнделікті оқу кестесіне сәйкес түрлі бағыттар бойынша дайындықтан өтеді. Әсіресе атыс даярлығына, тактикалық іс-қимылдарға, артиллериялық есептоптардың үйлесімді жұмысына және жауынгерлік міндеттерді қысқа мерзімде орындауға басымдық берілуде.

Артиллерияда әрбір әскери қызметшінің әрекеті маңызды. Бір есептоптағы мамандардың өзара түсіністігі мен шапшаңдығы атыс тапсырмасының сапалы орындалуына тікелей әсер етеді. Сондықтан лагерлік жиын кезінде жеке құрамның ғана емес, тұтас бөлімшенің үйлесімдігіне ерекше назар аударылады.

Оқу – жаттығу полигонында сабақтар барынша шынайы жауынгерлік жағдайда жақындатылып өткізіледі. Әскери қызметшілер белгіленген позицияларға орналасу, тапсырманы қабылдау, атысқа дайындалу және командир бұйрығын дәл әрі уақтылы орындау тәртібін пысықтайды. Сонымен қатар әскери техниканы пайдалану, атыс позицияларын ұйымдастыру және қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша практикалық сабақтар жүргізіледі.

- Лагерлік жиын – артиллериялық бөлімшелер үшін жауынгерлік даярлықты шыңдайтын маңызды кезең. Мұнда әскери қызметшілердің білімі мен машығы іс жүзінде сыналады. Негізгі мақсатымыз – әрбір есептоптың өз міндетін нақты білуі және бөлімше құрамында үйлесімді әрекет етуі, - дейді бригада командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары подполковник Николай Назаров.

Бір айға жоспарланған оқу-жаттығу жиыны барысында әскери қызметшілер күн сайын өз шеберліктерін орындайды. Жеке құрамның төзімділігі, тәртібі, жауапкершілігі мен кәсіби біліміне де ерекше талап қойылды.

Мұндай далалық сабақтар әскери қызметшілердің полигон жағдайына бейімделуіне ғана емес, күтпеген жағдайда дұрыс шешім қабылдау қабілетін қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Әрбір орындалған тапсырма – тәжірибе, әрбір жаттығу – жауынгерлік шеберлікті арттыруға жасалған қадам.

 

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

подполковник Абзал Сартаев