2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңы күшіне енді.
Заң мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге, жастарды мемлекеттік басқаруға тартуға және іріктеу рәсімдерін оңтайландыруға бағытталған маңызды жаңашылдықтарды қамтиды.
Заңдағы негізгі өзгерістердің бірі – жоғары оқу орындарының үздік түлектерін мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау тәртібінің кеңейтілуі.
Бұған дейін конкурссыз орналасу құқығы тек мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған және оқу үлгерімінің орташа көрсеткіші 3,33 – тен жоғары түлектерге ғана берілетін. Енді жаңа заңға сәйкес, білім алу нысанына қарамастан, GPA көрсеткіші 3,33 – тен жоғары ЖОО-ның түлектері мемлекеттік әкімшілік луазымдарға заңда белгіленген тәртіппен конкурс өткізілместен орналаса алады.
Бұл өзгеріс қабілетті жастардың мемлекеттік қызметке келуіне қосымша мүмкіндік беріп, кәсіби әрі бәсекеге қабілетті мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға ықпал етеді.
Аталған жаңашылдық аясында бүгінде облысымызда осы мүмкіндік арқылы 65 жас түлек мемлекеттік қызметтің басшылық емес лауазымдарына конкурссыз тағайындалды.
Бұл – жаңа заңның өңірде тиімді іске асып жатқанын көрсетеді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті жастарды мемлекеттік қызметтің жаңа мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, елдің дамуына өз үлесін қосуға шақырады.
Әйгерім Күнтуған
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы