
2025–2026 оқу жылын Кербұлақ ауданы бойынша 43 білім беру мекемесінде 7738 білім алушы аяқтады. Оның ішінде 504 түлек мектеппен қоштасқалы отыр. Биыл “Алтын белгі” аттестатына үміткерлер саны – 23 болса, үздік аттестатқа үміткерлер саны – 55.
Оқу жылы барысында аудан мектептерінде білім сапасын арттыру, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Білім алушылар түрлі пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына, спорттық жарыстар мен мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді қатысып, аудан намысын қорғады.
Бүгінгі түлектер – еліміздің ертеңі, болашақ мамандар, қоғамның белсенді азаматтары. Ұстаздар қауымы әр оқушының сапалы білім алып, тәрбиелі азамат болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп келеді. Мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбие жас түлектердің алдағы өмір жолында сенімді тірек болары сөзсіз.
Алда бітіруші түлектер үшін жауапты кезең – қорытынды емтихандар мен мамандық таңдау уақыты. Осыған орай барлық түлектерге сәттілік, биік мақсаттар мен жарқын болашақ тілейміз. Еліміздің дамуына өз үлесін қосатын білімді де білікті азамат болып қалыптасуларына сенім білдіреміз.