
Бүгін таза Қазақстан экологиялық акциясы аясында Сарыөзек гарнгизонында орналасқан аудандық пайдалану бөлімінің жеке құрамдары «Жұлдыз» әскери қалашығында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің маңына шырша көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізді. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны көркейтуге бағытталған бұл игі шара тұрғындар тарапынан да зор қолдауға ие болды.
Аталған акцияның басты мақсаты – әскери қалашық аумағын көгалдандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және болашақ ұрпаққа жасыл әрі таза орта қалдыру. Іс – шара барысында әскери қызметшілер бірлесіп еңбек етіп, елуден аса шырша көшеттерін отырғызды. Сонымен қатар, аумақты тазарту және абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізілді.
Шырша ағаштары тек табиғат көркін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, ауа сапасын жақсартуға үлкен үлес қосады. Сондықтан мұндай шаралар экологиялық тұрақтылықты нығайтуға маңызды рөл атқарады.
Іс-шараға қатысушылар табиғатты аялау – әр азаматтың міндеті екенін атап өтіп, алдағы уақытта да осындай экологиялық акцияларға белсенді түрде атсалысатындарын жеткізді. Жұлдыз әскери қалашығында ұйымдастырылған бұл бастама көпшілікке үлгі болып, туған жерге деген жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісіне айналды.
- Бүгінгі ұйымдастырылған экологиялық шара – тек ағаш отырғызу науқаны ғана емес, бұл – болашаққа жасалған игі қадам. Таза Қазақстан акциясы аясында әскери қалашықтың аумағын көгалдандыру жұмыстарын қолға алдық. Негізгі мақсатымыз – тұрғындарға таза әрі жайлы орта қалыптастыру, табиғатты қорғау мәдениетін дәріптеу. Жеке құрам бұл бастамаға ерекше белсенділікпен қатысты. Әрбір отырғызылған шырша – туған жерге деген жанашырлықтың белгісі деп есептейміз. Бүгін егілген көшеттер ертең үлкен сялы ағашқа айналып, әскери қалашықтың көркін ашады, - дейді аудандық пайдалану бөлімі бастығының орынбасары аға лейтенант Жәнібек Илесов.
Таза әрі жасыл Қазақстанды қалыптастыру жолындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
подполковник Абзал Сартаев