
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қысқы оқу жылының аяқталуына байланысты барлық әскери бөлімдерде қару-жарақ пен әскери техникаларды жазғы оқу мезгіліне ауыстыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар әскери техниканың сенімділігі мен жауынгерлік дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды.
Осыған орай, Сарыөзек гарнизонындағы 29108 әскери бөлімнің жеке құрамы да қару-жарақ пен әскери техникаларды жазғы пайдалану режиміне көшіру жұмыстарын бастап кетті. Аталған шаралар әскери бөлімнің техникалық қызмет көрсету жоспарына сәйкес жүргізіліп, барлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуда.
Жеке құрам техникаларды жан-жақты тексеріп, агрегаттар мен тораптардың жарамдылығын анықтауда. Сонымен қатар, қысқы кезеңде қолданылған арнайы сұйықтықтар мен майлар жазғы талаптарға сәйкес жаңартылып, техникалардың жұмысқа толық дайындығы қамтамасыз етілуде. Әскери қызметшілер бұл жұмыстарды жауапкершілікпен атқарып, техниканың ұзақ мерзімге сенімді қызмет етуіне ерекше назар аударуда.
Әскери бөлім командирлігінің айтуынша, қару-жарақ пен әскери техникаларды маусымдық қызмет көрсету – жауынгерлік әзірліктің маңызды бөлігі болып табылады. Уақтылы және сапалы жүргізілген жұмыстар әскери техниканың тиімді пайдалануына және жеке құрамның жауынгерлік тапсырмаларды жоғары деңгейде орындауына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда бөлімнің барлық мамандары өз міндеттерін тиянақты орындап, жазғы оқу кезеңіне толық дайындықты қамтамасыз ету бағытында еңбек етуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде әскери бөлімнің жауынгерлік қабілеті артып, қойылған міндеттерді орындауға толық әзір болады.
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
подполковник Абзал Сартаев