Жетісу облысында өңір экономикасының түрлі секторларында инновациялық шешімдер серпінді енгізілуде. Сонымен қатар жаңа идеяларды табысты іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Инновациялық технологияларға ден қойғандардың ішінде өнеркәсіп саласы да бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, өңірлік Jetisu Digital IT-хабының қызметі шеңберінде жасанды интеллект, цифрлық білім беру, медицина және GovTech салаларында технологиялық стартап-жобаларды дамыту жүзеге асырылуда. Сондай-ақ цифрландыру және инновация элементтерін енгізе отырып, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту қолға алынды.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-иноовациялық даму басқармасының мәліметінше, өткен жылы «Қайнар АКБ» ЖШС өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын жаңа желіні іске қосып, жаңғырту жүргізді. Сондай-ақ қойма, құрастыру желісі, лазерлік таңбалау және жұмыс уақытын есептеу жүйесі автоматтандырылды. Оған қоса «Метакон» ЖШС металды лазерлік кесу және металл конструкцияларды роботтық дәнекерлеу жүйесін енгізді, ал «Алацем» ЖШС робот-паллетайзермен жабдықталған орау цехын ашты. Сондай-ақ, қоспаны дайындаудан бастап кесіп, қаптауға дейін толық автоматтандырылған өндіріс процесімен газоблок шығаратын «Стальбетон» ЖШС зауыты пайдалануға берілді.
- Өнеркәсіп саласына заманауи инновацияларды енгізудің маңызы зор. Өйткені мұндай шаралар шығындарды төмендетіп, дәлдікті арттырады. Оған қоса өңір кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге оң ықпал етеді, - дейді басқарма басшысы Серік Сәбетайұлы.
Атап өтсек, облыста жоғары және орта арнаулы оқу орындарының, бизнес-қоғамдастық пен Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен Өңірлік ғылымды дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Белгіленген тиісті ққрылымдық бөлімше осы ғылыми кеңестің жұмысын үйлестіретін болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев