Әскери қызметшілерге референдумның маңызы түсіндірілді

Әскери қызметшілерге референдумның  маңызы түсіндірілді

15-ші наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында ел көлемінде ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Есбай, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының басшысы Нұрбек Құдайберген, «Аманат» партиясы Кербұлақ аудандық филиалының төрағасы Гүлжан Камамбаева, Партия ардагері, өңірлік коалиция мүшесі Серік Мұқанов, «Ауыл» халық-демократиялық патриоттық партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Асхат Базилов Сарыөзек гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің жеке құрамымен кездесу өткізді.

Кездесудің басты мақсаты – референдумның  маңызын түсіндіру, ұсынылып отырған өзгерістердің мәні мен ел дамуына ықпалын жан-жақты баяндау, сондай – ақ әскери қызметшілердің көкейіндегі сұрақтарға жауап беру болды. Халық қалаулылары алдағы саяси науқанның ел болашағы үшін тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

Депутаттар өз сөздерінде мемлекет дамуының жаңа кезеңінде қоғамның белсенді қатысуы ерекше рөл атқаратынын жеткізді. Референдум – азаматтардың өз таңдауын білдіру арқылы ел тағдырына тікелей ықпал ету мүмкіндігі екені айтылды. Сондай – ақ, Конституциялық өзгерістердің заң үстемдігін нығайтуға азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны кеңінен түсіндірілді.

Шара соңында депутаттар әскери қызметшілерді алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырып, бұл маңызды саяси науқанда әр азаматтың дауысы шешуші мәнге ие екенін атап өтті.

- Ең алдымен, бұл кездесу – жеке құрамның құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды іс-шара. Референдум – ел өміріндегі елеулі саяси науқан. Сондықтан әскери қызметшілер елімізде болып жатқан өзгерістерден хабардар болып, олардың тарапынан жан – жақты ақпарат беріліп, әскери қызметшілер көкейіндегі сұрақтарына нақты жауап алды. Әскери қызметшілер ең алдымен – Қазақстан Республикасының азаматы. Әрбір азаматтың Конституциямен бекітілген сайлау және дауыс беру құқығы бар. Сондықтан жеке құрамның саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру  - біздің тәрбие және идеологиялық жұмыстағы негізгі бағыттардың бірі. Бұл олардың азаматтық жауапкершілігін арттырады, - дейді Сарыөзек гарнизоны бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Айбек Бодан.

Осындай кездесулер ел өңірлерінде жалғасып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл – демократиялық құндылықтарды нығайтуға және қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді арттыруға бағытталған маңызды қадам.  

 

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

подполковник Абзал Сартаев