Кеңейтілген алқа отырысы: Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды

Кеңейтілген алқа отырысы: Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды

2026 жылдың 23 ақпан күні Сарыөзек ауылында Кербұлақ ауданы әкімдігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Отырысты аудан әкімі Жүнісбеков Жанат Төлегенұлы жүргізді. Жиынға мәслихат төрағасы мен депутаттар, қоғамдық кеңес және ақсақалдар алқасының төрағалары, ауылдық округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.

Алқалы жиында 15 наурыз күні өтетін республикалық референдум ел дамуының жаңа кезеңіне ықпал ететін маңызды қадам екені атап өтілді.

Күн тәртібінде 3 негізгі мәселе қаралды:

▪️ 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2026 жылға арналған міндеттері;

▪️ Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстар;

▪️ Ауыл шаруашылығы саласының атқарылған жұмыстары.

 

Аудан әкімінің орынбасары Жолжанов Даурен Бақтұрұлы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша баяндама жасап, жетістіктермен қатар шешімін талап ететін мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, Сарыөзек ауылындағы ауыз су жүйесін жаңғырту, қазылған жолдарды қалпына келтіру және елді мекендерді газдандыру қарқыны көтерілді.

 

Аудан әкімінің орынбасары Әденов Нұрлан Бақтыбайұлы білім сапасын арттыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік тұрақтылық және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды баяндады. Білім сапасының облыстық көрсеткіштен төмен болуы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық деректері ерекше назарға алынды.

 

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сауылханов Мади Садықұлы көктемгі дала жұмыстарына дайындық, арзандатылған жанар-жағармайды игеру, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту және Ауыл аманаты бағдарламасының іске асырылу барысы туралы есеп берді.

 

Жиын барысында газдандыру деңгейінің төмендігі, әлеуметтік төлемдер мен коммуналдық берешектер, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу қарқыны жан-жақты талқыланды. Жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны ескертілді.

 

Алқа отырысы қорытындысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, ауыл шаруашылығы саласын қолдау және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасатыны атап өтілді.