
Батальон және дивизион командирлері кәсіби даярлықтан өтті
Сарыөзек гарнизонындағы 12740 әскери бөлімінің базасында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қатарсты әскери бөлімдердің батальон және дивизион командирлерімен жауынгерлік даярлық бойынша ауқымды әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Маңызды басқосудың негізгі мақсаты – командалық құрамның кәсіби деңгейін жетілдіру, заманауи ұрыс жүргізу тәсілдері мен нысандарын терең меңгеру, сондай-ақ кез келген жағдайда бөлімдердің жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру болды.
Әдістемелік жиын барысында командирлер әскери басқарудың заманауи талаптарына сай білімдері мен тәжірибелерін жаңғыртып, жауынгерлік даярлықты ұйымдастырудың тиімді әдістерін жан-жақты талқылады. Әсіресе басқару шешімдерін жедел қабылдау, бөлімшелердің іс-қимылдарын үйлестіру, күрделі жағдайда командирлік жауапкершілікті дұрыс атқару мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бір аптаға созылған жиын аясында батальон және дивизион командирлері үшін теориялық және тәжірибелік сабақтар өткізілді. Оқу бағдарламасы әскери қызметтің түрлі бағыттарын қамтып, заманауи әскери ғылымның өзекті тақырыптарына негізделді. Қатысушылар тактикалық және арнайы тактикалық дайындық бойынша білімдерін жетілдіріп, нақты жағдайларға жақындатылған жаттығулар барысында алған дағдыларын іс жүзінде шыңдады.
Сонымен қатар командирлер барлау жүргізу, әскери топография, байланыс жүйелерін ұйымдастыру, ұшқыссыз авиациялық жүйелерді тиімді қолдану секілді кешенді мәселелер бойынша тәжірибелік тапсырмалар орындады. Бұл бағыттағы сабақтар қазіргі заманғы әскери іс-қимылдардың ерекшеліктерін ескере отырып құрылып, қатысушылардың жаңа технологияларды пайдалану қабілетін дамытуға ықпал етті.
Айтулы жиын барысында әскери қызметшілердің дене даярлығын жетілдіруге де айрықша мән берілді. Командирлер түрлі нормативтерді орындап, физикалық төзімділік пен жауынгерлік рухты нығайтуға бағытталған жаттығуларға қатысты. Бұл олардың жеке үлгі көрсету арқылы бағынысты құрамды тәрбиелеудегі рөлін арттыра түсті.
Әскери мамандардың айтуынша, мұндай әдістемелік жиындар әскери басқару жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, командирлер арасындағы тәжірибе алмасуды күшейтеді. Бірлескен сабақтар мен талқылаулар барысында қатысушылар түрлі бөлімдердің жұмыс тәжірибесімен танысып, ортақ мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.
- Мұндай жиындар тәжірибе алмасуға, ұздік тәсілдерді енгізуге және әскери басқарудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – командирлердің біртұтас көзқарасын қалыптастырып, әскери бөлімдердің жауынгерлік даярлығын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етті. Теориялық сабақтар практикалық жаттығулармен ұштастырылып, командирлердің нақты жағдайдағы іс-қимыл дағдылары жетілдірілді, - деп түсіндірді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Ержан Мейрманов.
Жиын қорытындысы бойынша командирлердің білім деңгейі мен практикалық дағдылары бағаланып, сынақтар қабылданды. Нәтижесінде қатысушылардың кәсіби біліктілігі мен шапшаң әрекет ету қабілеті нығайды.
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
подполковник Абзал Сартаев