
Сарыөзек гарнизонында орналасқан 12740, 29108 әскери бөлімдеріне жаңа қабылданған 500 астам жас сарбаздар Қазақстан Республикасына және халқына адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Іс-шараға сарбаздардың ата-аналары, жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен әскери бөлімдердің командирлері мен мекеме басшылығы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Сондай-ақ ауған соғысының ардагерлері мен басқа да шақырылған қонақтар қатысты. Әскери бөлімдерде ұйымдастырылған мерекелік іс-шара алаңы қонақтармен лық толды.
Жиын қонақтары әскери бөлімнің жас сарбаздарын айтулы мерекелерімен құттықтап, Отан қорғаудағы істері мен алдағы атқаратын еңбектеріне сәттілік тіледі.
Өз кезегінде гарнизон бастығы полковник Серік Рамазанов сөз алып, жас сарбаздарға Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын, әскери анттың және Отанға адал болуға, сондай-ақ әскери ант қабылдаған әскери қызметшілерге жүктелген құрметті міндеттің мәнін естеріне салып, оларды аталмыш мерекесімен құттықтады.
Ант беру рәсімінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимн орындалып, Мемлекеттік туды биікке көтеруден басталды. Одан кейін әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары саптық алаңға енгізілді. Жас жауынгерлер сап түзеп, Қазақстан Конституциясы мен әскери жарғы талаптарын бұлжытпай орындайтынын, әскери борышын абыроймен атқаратындарын жария түрде айтты.
Салтанатты бөлімнен кейін жас сарбаздар өздерінің алғашқы дайындық кезеңінде меңгерген машықтарын көпшілікке көрсетті. Әскери бөлімнің саптық алаңында жас сарбаздар қарумен және қарусыз саптық тәсілдерін орындап, жоғары үйлесімдіктің үлгісін көрсетті. Әсіресе барлау бөлімшесінің қоян-қолтық ұрыс элементтері көпшіліктің назарын аударды.
Іс-шараның көркін ашқан – гарнизонның әскери оркестрі. Әскери музыканттар арнайы дайындалған дефиле бағдарламасын ұсынып, ұлттық әуендер мен марштарды орындады. Оркестрдің синхронды қимылдары мен көркем қойылымы мерекелік атмосфераны толықтырып, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.
Әскери ант қабылдау – әрбір жауынгердің өміріндегі жауапты әрі ерекше сәт. Бұл – олардың Отан қорғаны болуға жасаған алғашқы маңызды қадамы. Сарыөзек гарнизонында өткен бұл салтанат жас сарбаздардың жігерін жанып, патриоттық рухын көтерді.
Салтанатты шара соңында бөлім командирлері ант қабылдаған жас жауынгерлердің ата-аналарымен кездесіп, олармен ашық сұхбат құрып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап беріп, әскери қызметтің қатаң тәртібін түсіндірді.
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
подполковник Абзал Сартаев