Бейбіт Исабаев жетісулық ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды

Бейбіт Исабаев жетісулық ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай осы саланың бірқатар мамандарына мемлекеттік марапаттар тапсырды. Атап айтқанда, осы күні механик, трактор жүргізушісі, малшы, шаруа қожалықтарының жұмысшылары сияқты 7 еңбек адамы құрметке ие болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға келген мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаған Бейбіт Исабаев өз сөзінде аграрлық салаға көрсетіліп отырған қолдауларға, Президенттің қатысуымен өткен Агрофорумда айтылған мақсат-міндеттерге қысқаша тоқталды:

- Бұл мереке өмірін ауыл шаруашылығымен тығыз байланыстырған еңбек адамдарының қажырлы қызметіне көрсетілген құрмет деп білеміз. Мемлекет басшысы Агрофорумда фермерлерді қолдау, су үнемдеу технологияларын енгізу, заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтару, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, өнімді терең өңдеп, халықаралық нарыққа шығару және басқа да секторларды дамыту туралы кеңінен айтты. Біз облыста осы бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп келеміз. Агросубъектілерді қолдауға мемлекет тарапынан биыл 64 млрд. теңге қарастырылды. Осындай қолдаудың нәтижесінде өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізатын өңдеу үлесі 68% жетті, - деп атап өткен өңір басшысы бүгінгі беріліп отырған марапат азаматтардың адал еңбегі мен маңдай теріне деген лайықты баға екенін жеткізді.

Осы жиында ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені Кербұлақ ауданынан «Нұрқадам»  шаруа қожалығының трактор жүргізушісі Жалғас Бегімбетовке, Ақсу ауданынан «Құндақбаев»  шаруа қожалығының малшысы Талғат Құндақбаевқа, «Құрмет» ордені сарқандық «СЗЦ Алмалы» ЖШС шаруа қожалығының жұмысшысы Ерлан Блескелдинов пен «Душкин СН» шаруа қожалығының басшысы Сергей Душкинге, «Ерен еңбегі үшін» медалі Көксу ауданынан «Мырзахан» ШҚ жұмысшысы Асқар Өмірбековке,  Ескелді ауданынан еңбек ардагері, зейнеткер Өмірсерік Мырзахметовке, Қаратал ауданынан «Опытное» АШӨК-нің механигі Родион Лиге берілді.

Марапатталушылар атынан сөз алған «Мырзахан» ШҚ жұмысшысы Асқар Өмірбеков осы салада 25 жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, шаруашылық малшылықпен және егіншілікпен айналысады. Жұмысшылардың жалақысы, тұрмыс жағдайы жақсы екенін айтқан А. Өмірбеков өзіне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.

Ал «Душкин СН» шаруа қожалығының басшысы Сергей Душкин – егін шаруашылығында елеулі жетістікке жеткен фермерлердің бірі. Оның айтуынша, алдағы уақытта шаруашылыққа тамшылатып суару технологиясын енгізу жоспары бар.

- Бізге, яғни ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне мемлекет тарапынан субсидия, жеңілдетілген бағада жанар-жағармай, басқа да қолдау шаралары тұрақты көрсетіледі. Ол шаруашылықтарға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Біз жастардың ауылдан кетпеуіне жағдай жасап, оларға жұмыс беріп, барынша қолдауға тырысып келеміз. Алдағы уақытта да ауылдық жерлерді дамытуға үлес қоса береміз, - деді ол.

«Опытное» АШӨК-нің механигі Родион Ли 45 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп келеді.

- Еңбек жолымды механизатор болып бастадым. Ұзақ жылдан бері шаруашылықта механикпін. Барлық техниканы жөндейміз, олардың егін егуден өнім жинауға дейінгі кезеңде үзіліссіз қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз. Қазіргі жастарға айтарым, адам өз жұмысын жақсы көріп істесе, жұмыс та оған қиындық туғызбайды, махаббатпен атқарылған іс әрқашан жемісті болады, - дейді Р. Ли.

Еске салсақ, бұған дейін ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов биыл елімізде тұңғыш рет беріліп отырған «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағын, Алакөл ауданынан табыншы Жасқайрат Қамизанов  ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін Президенттің қолынан алған болатын.

Атап өтсек, жыл басынан бері облыста 74,2 млрд теңгенің азық-түлік өнімі өндірілген. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 403,6 млрд теңгені құрап отыр.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Александр Склабовский