Жетісу: Кербұлақ ауданының шалғай ауылдарына газ жеткізілді

Жетісу: Кербұлақ ауданының шалғай ауылдарына газ жеткізілді

Президенттің тапсырмасын орындау аясында Жетісу облысында осы жылдың соңына дейін Панфилов ауданын қоса алғанда Сарыөзек пен Талдықорған арасындағы 126 елді мекен газдандырылады. Осылайша, жыл аяғына дейін Кербұлақ ауданы толықтай газбен қамтамасыз етілмек. Мәселен, жақында аудандағы шамамен 5 мың тұрғыны бар  6 елді мекенге – Шоқан, Амангелді, Қызылжар, Қызылмектеп, Майтөбе және Шилісу ауылдарына шалғай ауылға қатар газ берілді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, Кербұлақ ауданындағы 63 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады. Бүгінгі таңда Сарыөзек және Жоламан ауылдары газдандырылды. Қосымша 17 елді мекенде газ құбырлары мен газ тарату желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, 6-уы газға қосылды. Қалған 8 ауылда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін ауданның 26 елді мекені немесе 31 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.

Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, өңірлік газдандыру сызбасына кірмеген 6 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл – Сарыбастау, Қарашоқы, Арқарлы (Рудник), Сәмен, Шилісу (ферма) және Малайсары ауылдары. Құрылыс жұмыстары 2026 жылға жоспарланған.

– Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, газдандыру – облыс басшылығы жұмысының негізгі бағыттарының бірі. 2022 жылға дейін, яғни Жетісу облысы құрылмай тұрғанда бар болғаны 5 елді мекен ғана газға қосылған болатын. Ал 2025 жылдың соңына дейін Кербұлақ ауданынан бастап Талдықорғанға дейінгі, соның ішінде Панфилов ауданын қоса қамтитын 126 елді мекенді газдандыру жоспарланған. Соның арқасында 500 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 71,4%-ы газға қол жеткізеді, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

Жергілікті тұрғындар игі жаңалыққа орай пікірін білдірді:

– Бір қыста біз 7-8 тонна көмір жағамыз. Оған қоса ағаш отын дайындаймыз, Пеш тазалау, күл шығару – өз алдына бір жұмыс. Үйімізді газға қосқаннан кейін осы қиындықтардың бәрінен құтылатынымызға қуанамыз. Ауылға газ жеткізу – барлық ауыл тұрғындары үшін игі жаңалық, – деді Қызылжар ауылының пошташысы Бақытгүл Сыдықова.

Ауыл тұрғыны Күләш Бәйсейітова да осындай пікірде:

– Қазір зейнеттемін. Немерелерімнің тәрбиесімен айналысып отырмын. Бұрын Сарыөзекте тұратын туыстарымызға барған сайын «Қашан біздің үйімізге де газ келеді екен?» деп ойлайтынбыз. Енді бұл қуаныш біздің ауылға да жетті. Газға қосылуға, оның ішінде газ жабдығының құнын бөліп төлеу мүмкіндігінің болғаны біз үшін өте қолайлы, – деді ол.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков,

сол сияқты фотосуреттерді Кербұлақ ауданының әкімдігі ұсынды.