
25 қазан – Республика күні қарсаңында Сарыөзек гарнизонында қуанышты оқиға орын алды. Әскери қалашық аумағында күрделі жөндеуден өткен заманауи үлгідегі үш қабатты жатақхана салтанатты түрде ашылды. Бұл нысанның ашылуы – мемлекет тарапынан әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі.
Салтанатты іс-шараға гарнизон басшылығы, әскери бөлім командирлері мен мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлерлер кеңесінің өкілдері, жеке құрам және жас офицерлер мен сержанттар қатысты.
Шара басында гарнизондық әскери оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимн орындалды. Дәстүрге сай қызыл лента қиылып, нысанның символдық кілті табысталып, жаңадан қоныс иелеріне пәтер кілттері салтанатты түрде берілді. Қатысушылар жаңарған жатақхананың ішін аралап көрді.
Аталған нысанға соңғы жылдарда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нақтырақ айтқанда, ғимараттың ішкі қабырғалары толықтай ақталып, сылау және желімдеу жұмыстары жүргізілді. Барлық бөлмелерде линолеум мен плинтус төселіп, қабырғалары гипсокартонмен қапталды. Сыртқы және бөлмеаралық есіктері ауыстырылды. Сонымен қатар, инженерлік желілер ретке келтіріліп, жарықтандыру жүйелері жаңартылды. Демалыс аймақтары мен ортақ пайдалану бөлмелері жаңартылды. Шатырлар профлистпен жабылып, радиаторлар мен құбырлары боялды.
Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жаңа жатақханаға қазіргі заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда жайлы тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған: кең әрі жарық бөлмелер, ортақ демалыс бөлмелері, тұрмыстық техникамен қамтылған ас үй мен кір жуатын орындары бар. Санитарлық тораптар толық жабдықталған.
- Республика күні – ел бірлігін, тәуелсіздік пен жаңа дәуірдің бастауын айшықтайтын мерейлі мереке. Осы айтулы күн қарсаңында пайдалануға берілген бұл жатақхана – жас офицерлер мен сержанттар үшін үлкен қолдау әрі мемлекет қамқорлығының айғағы. Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы жақсарса, олардың Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға деген жігері де арта түседі, - деп атап өтті Сарыөзек гарнизоны бастығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары полковник Адлет Беков.
Шара соңында жас офицерлер мен сержанттар өздеріне көрсетілген қамқорлық пен сенім үшін ризашылықтарын білдіріп, жаңа қоныстарының қуаныштарын жасырмады.
Бұл игі іс Сарыөзек гарнизонының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосылған тағы бір маңызды қадам болып отыр. Республика күніне арналған осындай игі бастамалар еліміздің Қарулы Күштерінде қызмет етіп жүрген жас жауынгерлердің рухын көтеріп, елге деген адал қызмет етуге жігерлендіреді.
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
подполковник Абзал Сартаев