Департаментпен 435 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді:
Жетісу облысы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына бақылауды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.
2025 жылдың басынан бастап жүргізілген тексерістер нәтижесінде 435 азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Анықталған заңбұзушылықтар негізінен бұзылған тәртіп, артық құжат талап ету, көрсетілетін қызмет мерзімдері мен тәртібінің сақталмауына қатысты болды. Әрбір дерек бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Мысал ретінде, жер учаскесін беру мәселесі бойынша бір қызмет алушыға жер комиссиясының шешімі негізінде бас тартылған жағдайды келтіруге болады. Құжаттарда көрсетілген жер телімі басқа тұлғаға берілгені көрсетілген. Алайда, Департамент тарапынан жер мәселелері бойынша сарапшыны тарта отырып жүргізілген жоспардан тыс тексеріс барысында, шешім қабылданған сәтте учаскенің бос болғаны және заңды түрде өтініш иесіне берілуі мүмкін екені анықталды.
Нәтижесінде, Департаменттің араласуымен өтініш қайта қаралып, жер учаскесі қызмет алушыға берілді. Жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аталған жағдай қабылданған шаралардың тиімділігі мен заңдылық пен әділеттілік қағидаттарына деген адалдықты айқын көрсетеді. Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау, ашықтықты, есептілікті және мемлекеттік қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз ету — Департамент жұмысының басым бағыттары болып табылады.