Сарыөзекте жергілікті әскери басқару органдарының күні атап өтілді

Сарыөзекте жергілікті әскери басқару  органдарының күні атап өтілді

Сарыөзек гарнизонында орналасқан аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскери қызметшілері жергілікті әскери басқару органдарының кәсіби мерекесіне арналған мерекелік кеш өтті. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5 мамырдағы №292 бұйрығына толықтыру енгізіліп, 12 қыркүйек – жергілікті әскери басқару органдарының күні болып белгіленді.  

Салтанатты шара Кербұлақ ауданы Әбікен Сарыбаев атындағы мәдениет сарайында өтті. Оған Сарыөзек гарнизоны әскери прокуратурасының өкілдері, әскери бөлімдердің әскери қызметшілері, Кербұлақ ауданына қарасты ауылдық окруктарының әкімдері, алғашқы әскери дайындық және технологиялық пәнінің мұғалімдері, Күреңбел қазақ орта мектебінің кадет сыныптарының оқушылары, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскери қызметшілері мен қызметкерлері қатысты.

Мерекелік кештің басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимн шырқалды. Алғашқы сөз кезегін алған Кербұлақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы капитан Қуаныш Кәрімов бөлімнің барлық жеке құрамына өз лебізін білдіріп, жеке құрамның еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесін айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, грамоталармен және алғыс хаттармен марапаттады.

Сондай – ақ шара қонақтары да кезекпен құттықтау сөз сөйлеп, соңынан патриоттық әндер шырқалды.

- Қазіргі таңда бөлімнің жеке құрамдары жоғары кәсіби даярлық, үйлесімдік пен жауынгерлік дағды үлгісін көрсетуде. Жастардың әскер қатарына қосылып, еліне қорған, халқына пана болуға олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға және отансүйгіштікке баулу бағытында қызметтерін жалғастырып келеді, - дейді Кербұлақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы капитан Қуаныш Кәрімов.

Айта кетейік, қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жұмылдыру әзірлігін қолдау және оларды барлық деңгейдегі әскери қызметшілермен жасақтау жөніндегі міндеттерді атқарып келеді.

Осы мереке күні сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс пен абырой тілейміз! Отанымыздың тыныштығы мен бейбіт өмірі долындағы еңбектеріңіз әрқашан бағалана берсін!

 

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

подполковник Абзал Сартаев