Жетісу облысының Кербұлақ ауданында инвесторлар сұйытылған табиғи газ (СТГ) өндіретін зауыт пен қуаты 110 МВт/сағ. болатын күн электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар облыс басшылығының аудан халқымен кездесуі барысында таныстырылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында белгілі болғандай, жыл басынан бері аудан экономикасына 21,8 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Тартылған инвестицияның 74 % жеке инвестицияның үлесінде. Жалпы, 2025-2028 жылдары жалпы құны 1,4 трлн. теңге болатын 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, соның нәтижесінде 2 500-ден астам жұмыс орны құрылады деп межеленген. Олардың ішіндегі ірілері – Көксай мыс қорыту комбинаты, күн электр станциясы және су электр станциясы.
- Жоба экологиялық жағынан 100% таза деуге болады. Біз деректерді өңдеу орталығының жұмысын жүргізуге қажетті электр энергиясын тек күн сәулесінен аламыз. Электр станциясының қуаты – 110 МВт/сағ, ал энергияны сақтау жүйесінің тұрақты қуаты – 20 МВт/сағ болады, - деп мәлімдеді «ЖИ және ЖЭК орталығы» ЖШС жобасының жетекшісі Айдын Жанұзақов.
Оның айтуынша, Сарыбұлақ ауылында 200 мың қос айналмалы панель орнатылады. Бұл панельдер энергияны жинақтап, оны аккумуляторға, кейін серверге жіберіп, деректерді өңдеу орталығының жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл орталық ұялы байланыс операторларымен және банктермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жобаның жалпы құны 15 млрд теңге деп шамаланып отыр. Жаңа күн электр станциясы 2027 жылдың шілде айында іске қосылады деп жоспарланған.
Жылына 98 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыттың құрылысы –тағы бір маңызды инвестициялық жоба. Бұл зауыт та Кербұлақ ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында орналаспақшы. Жобаны іске асыру Сарыөзек ауылына дейін магистралды газ құбырының екінші желісін тарту ісімен тығыз байланысты. Жобаға қаражатты канадалық ірі инвестор құймақ, ол елімізде осындай алты зауыт салуды жоспарлап отыр. Солардың алғашқысы Жетісу облысы аумағында іске аспақшы.
Айта кету керек, бұл жоба өңір экономикасына мультипликативтік әсер береді деп күтілуде. Зауыт құрылысы кезінде 350-ге жуық жұмыс орны ашылса, зауыт іске қосылғаннан кейін 70 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар инвестор-компания өкілдері жергілікті мамандарды оқытуға дайын екендерін білдірді. Зауытта өндірілетін сұйытылған газ ішкі нарықта сатылады. Кәсіпорынның құрылысын осы жылдың соңына дейін бастап, 2026 жылдың екінші жартысында аяқтау жоспарланып отыр. Бұл ретте тиістіэкологиялық талаптар мен нормалар сақталады.
Жалпы, ауданның өнеркәсіп саласында биылғы жеті айда өндіріс көлемі 4,5%-ға өскен. Ал шағын және орта бизнеске келсек, ауданда 3,6 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған бизнес субъектісі бар, онда 5 мың адам жұмыс істейді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай