Сарыөзек гарнизонындағы механикаландырылған бригадасының жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес, оқу-жаттығу полигонында бөлімнің әскери қызметшілерімен взводтардың жауынгерлік үйлесімділігі бойынша жауынгерлік атыс сабақтары өтті. Оған бөлімнің бірінші шабуылдаушы батальонының жеке құрамдары тартылды.
Оның мақсаты - взводтардың дайындығын арттыру, олардың жауынгерлік үйлесімділігін жетілдіру, жеке құрамда жоғары моральдық-жауынгерлік қасиеттерді, психологиялық тұрақтылық пен физикалық төзімділікті дамыту болды.
Айта кеткен жөн, осы сабақтар алдында бөлімнің оқу полигонында взводтардың әдістемелік-нұсқаулық сабақтарын өткізуге арналған оқу орындары ұйымдастырылып, взвод, рота, батальон командирлерімен взводтардың жауынгерлік атыстарын ұйымдастыру ерекшеліктері бойынша сабақтар өткізілді. Онда жауынгерлік атыстар кезінде авиациялық соққысы, залалсыздырылмаған ауданмен жүріп өту, мина-жарылғыш қоршаудан өту, моральдық-психологиялық қамтамасыз ету, байланыс құралдарын қолдану мен ұшқыссыз ұшу аппараттарымен күрес тақырыптары бойынша сабақтар жүргізілген болатын.
Ал практикалық іс-қимыл барысында взвод командирлері жеке құраммен жауынгерлік техникада бола отырып, рота командиріне қарсыласты жою туралы жағдай мен шешімін баяндады. Шешім мақұлданғаннан кейін олар взводтың жеке құрамын басқарып, жауынгерлік атыстары кезінде шартты қарсыластың орналастырылған резервтерін талқандау, олардың диверсиялық-барлау топтарының көзін жою, қарсыластың қапталына және тылына маневр жасау, шартты қарсыластың позицияларын басып алуды және негізгі күштер келгенге дейін оларды ұстап тұру, рейд жүргізу сияқты тақырыпта іс-қимылдары көрсетіліп кеңінен пысықталды. Одан өзге, взвод құрамында әр түрлі қашықтықтағы шартты қарсыластың брондалған нысандары мен тірі күшке еліктейтін нысандарға соққы берді.
Взводтардың жауынгерлік атыстарына 60-қа жуық әскери қызметші, 120 мм калибрлі 2Б-11 миномет, АК-74 атыс қаруы, РПГ-7В гранатаметы қолданып, 6-ға жуық БМП-2 әскери техникасы және арнайы әскери техникалары жұмылдырылды.
- Бүгін взводтардың ұрыс тәсілі жоғары бағаланып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Жеке құрам қойылған барлық жауынгерлік тапсырмаларды орындап шықты, және жақсы нәтижеге қол жеткізді. Взводтарды даярлау барысында әскери қызметшілер білімдерін және далалық машықтарын жетілдірді. Сондай-ақ, жеке құрамның іс-қимылы кезінде жеке қаруды шебер әрі тиімді пайдалануға айрықша назар аударылды, - дейді бірінші шабуылдау батальонының командирі капитан Жарылқасын Өнербай.
Мұндай жауынгерлік үйлестіру және барлық деңгейде өзара іс-қимылды пысықтау бөлімшелерден батальондарға біртіндеп ауыса отырып, кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бұл алдағы уақытта барлық жеке құрамның үйлесімді, нақты және жедел іс-қимылына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
подполковник Абзал Сартаев