Кербұлақ ауданында тұрғын үймен қамтамасыз ету – басты назарда

Кербұлақ ауданында тұрғын үймен қамтамасыз ету – басты назарда

Кербұлақ ауданында тұрғындарды қауіпсіз және жайлы баспанамен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл ретте Сарыөзек ауылында пайдалануға берілген жаңа көпқабатты тұрғын үй – атқарылған істердің айқын дәлелі.
2025 жылдың 01 маусымында Сарыөзек ауылында заманауи талаптарға сай салынған 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды. Жоба құны 1 млрд 565 млн теңгені құрады. Жаңа тұрғын үй апатты жағдайдағы баспаналарда өмір сүріп келген азаматтарға арнап жалдамалы негізде ұсынылады.
Қазіргі таңда Кербұлақ ауданы бойынша Сарыөзек ауылында 28 тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Оның 16-сы апат алдындағы жағдайда деп танылса, қалған 12-сі – апатты үйлер санатына енгізілген. Бұл 12 үйде барлығы 96 пәтер орналасқан.
Аталған 96 отбасының қауіпсіз және қолайлы жағдайдағы тұрғын үйге көшуі – аудан әкімдігінің басым бағыттарының бірі. Жаңа тұрғын үй осы мақсатты жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Жаңа пәтерлердің барлығы қажетті инженерлік жүйелермен жабдықталған, заманауи материалдармен әрленген және тұрғындардың өмір сүруіне ыңғайлы жағдайлармен қамтамасыз етілген. Бұл бастама өңір халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба ретінде бағалануда.
Кербұлақ ауданы әкімдігі тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешу жұмыстарын жалғастырып, алдағы уақытта тағы да бірқатар жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.