Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейі мен ҚР Мемлекеттік Орталық музейі бірлесе отырып қазақтың біртуар ғалымы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай «Шоқаны бар елдің шоқтығы биік» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейінің қорынан ғалымның тұтынған мыс табағы, күміс қасығы, бұрыш ұнтақтағыш, парша белбеу секілді т.б заттарымен бірге Шоқан Уәлихановтың ІV дәрежелі әулие Владимир ордені, Орыс географиялық қоғамының толық мүшесіне сайлағандығы туралы дипломы (көшірме), ҚР Мемлекеттік Орталық музей коллекциясынан Шоқанның әпкесі Бәдігүлдің пешпенті, қарындасы Тәжібайдың аққу терісінен тігілген бірегей ішігі көрмеден көрнекті орын алды. Көрме аясында өткізілген «Шоқанның ғылыми өнегесі» атты дөңгелек үстелінде: тарих ғылымдарының докторы, профессор Өтениязов Самат Көшенұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли, Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музей меңгерушісі Рахатова Марал Оралбекқызы Шоқан Уәлихановтың шығармашылығы мен зерттеулері туралы баяндама жасап, өз ойларымен бөлісті.