
Сарыбұлақ ауылдық округі әкімдігінде ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және шаруақожалық иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы жиналыс өтті. Жиналысқа ауылдық округ әкімі А. Болатов төрағалық етті.
Кездесуге ауылдық округ аумағындағы шаруақожалық иелері мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиын барысында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, қатысушыларға Ауыл аманаты бағдарламасы мен Кең дала бағдарламасы аясында берілетін мүмкіндіктер, жеңілдетілген несие алу жолдары және ауыл кәсіпкерлерін қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар, жиында соңғы жылдары өзекті мәселелердің бірі болып отырған мал ұрлығының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға мал ұрлығын болдырмау, оның алдын алу үшін бірлесіп әрекет ету, малды таңбалау, есепке алу және қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, шаруақожалық иелеріне малшыларды жұмысқа қабылдау кезінде еңбек заңнамасын сақтау, яғни жұмысшылармен міндетті түрде еңбек шартын жасасу қажеттігі айтылды. Бұл шара еңбек қатынастарын заңдастыруға, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге және еңбек дауларының алдын алуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, ауыл шаруашылығын дамыту, заң талаптарын сақтау және ауылдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында бірлесе жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды.