Жетісу облысының шаруалары пияз жинауды аяқтауға жақын. Бұл дақылды негізгінен Қаратал және Ескелді аудандарының шаруашылықтары өсіріп отыр, соған орай бұл аудандар облыстағы пияз өндірісінің едәуір бөлігін қамтамасыз етуде. Бүгінде өңірде 22,3 мың тонна пияз жиналды. Тамшылатып суару жүйесін қолданудың арқасында бұл көкөністің өнімділігін екі есеге жуық арттыруға мүмкіндік болды. Егер әдеттегі суару тәсілімен бір гектардан 25-30 тонна пияз алынса, ылғал үнемдеу технологияларының арқасында өнімділік гектарына 50-60 тоннаға дейін артып отыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осындай нәтижеге Қаратал ауданындағы шаруа қожалықтарының бірі қол жеткізіп отыр. «Рәм С.» шаруа қожалығы пияз өсірумен 2012 жылдан бері айналысады. Осы уақыт ішінде шаруашылықта аталған дақылды өсіруде мол тәжірибе жинақталып, қажетті техникалық база қалыптасты. Машина-трактор паркінде үш МТЗ тракторы, арнайы пияз қазғыш, тиегіш және жер жыртатын К-700 тракторы бар.
Биыл шаруашылық пияз егуге 30 гектар жер бөлді. Бүкіл алқап тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған. Бұл технология суды тиімді пайдалануға, өсімдіктерді ылғалмен біркелкі қамтамасыз етуге және өнімнің қалыптасуына қолайлы жағдай жасады. Бұл өнімнің сапасына да оң әсерін тигізіп отыр.
– Біздің ауылдық округ таулы жерде орналасқан. Сондықтан мол өнім алу үшін заманауи агротехнологияларды сақтап, суару суын тиімді пайдалану қажет. «Рәм С.» шаруа қожалығы – біздің округте пиязды едәуір көлемде өсіретін жалғыз шаруашылық. Бұған, соның ішінде, ылғал үнемдеу технологияларын енгізудің арқасында қол жеткізіп отыр. Жалпы, жергілікті диқандардың пияз, қарбыз және қауын өсіруде тәжірибесі мол. Агротехниканы терең меңгерудің арқасында олар көлемі мен сапасы жағынан жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бұл басқа шаруашылықтарға да үлгі бола алады, – дейді Ескелді ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Дурсун Дуз-оглы.
«Рәм С.» шаруа қожалығында өнім жинау жұмыстарына 30-ға жуық адам жұмылдырылған.
– Биылғы өнім көңіл қуантады. Алдын ала болжам бойынша, әр гектардан 50-60 тоннаға дейін пияз жинаймыз деп отырмыз. Қазір тамшылатып суару жүйесінің таспаларын жинауды аяқтап қалдық. Жақын күндері өнімді жаппай қазып, жинау жұмыстары басталады, – дейді көктемнен бері осы шаруашылықта еңбек етіп жүрген Көкдала ауылының тұрғыны Секер Карипбаева.
Жергілікті шаруалардың айтуынша, Қаратал пиязы сапасы мен ұзақ уақыт сақталуы жағынан өзге сорттардан ерекше әрі жоғары сұранысқа ие. Мамандар мұны жергілікті топырақтың өзіндік ерекшелігімен, соның ішінде оның тұздылық деңгейінің оңтайлы болуымен байланыстырады. Бұл жағдай көкөніске өзіндік дәм береді.
Жалпы, биыл Жетісу облысында көкөніс дақылдары 6,9 мың гектар алқапқа егілді. Оның 6 мың гектарға жуығынан өнім жиналды. Соның ішінде 1,1 мың гектар пияз алқабының 0,8 мың гектарынан өнім алынды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.