Жетісудың Қаратал ауданында күріш өсіру – ауыл шаруашылығының дәстүрлі бағыттарының бірі. Биыл ауданда күріш алқабының көлемі 646 гектар. Сонымен қатар аудан шаруашылықтары күріш өсіру технологияларын кезең-кезеңімен жетілдіріп, техникаларын жаңартып, күріш шаруашылығы жақсы дамыған өңірлер мамандарының тәжірибесін тартуда. Агротехнологияларды тиімді енгізу су және жер ресурстарын үнемдей отырып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Атап өтсек, ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру кезінде ылғал үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптардың көлемі 3220 гектардан асты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар күріш – суды көп қажет ететін ылғалсүйгіш дақыл. Осыған байланысты мамандардың айтуынша, күріш алқаптарын кеңейтуден гөрі, қолда бар жер және су ресурстарын ұтымды пайдаланып, агротехнологияларды енгізу және өнімділікті арттырған жөн. Биыл «Опытное» кооперативі де осы үнемдеу бағытына басымдық беріп отыр.
Шаруашылықтың жалпы егіс алқабы 1707,15 гектарға жетті. Биыл мұнда 334 гектарға күріш, 428 гектарға жүгері, 159,6 гектарға күнбағыс, 140 гектарға арпа егілді. Сонымен қатар шаруашылықта мал азығына арналған көпжылдық шөптер де өсіріледі.
Шаруашылық басшысы Ержан Қайсановтың айтуынша, бүгінде егіс алқаптарын ұлғайту емес, әр гектардың тиімділігін арттыруға басымдық беріледі.
- Біз дақылдарды өсіру кезінде агротехнология талаптарын сақтауға, алынған өнімді уақтылы әрі шығынсыз жинауға тырысамыз. Биыл күріш өсіру технологиясын жетілдіруге ерекше көңіл бөлдік. Осы мақсатта күріш шаруашылығында мол тәжірибесі бар қызылордалық мамандарды шақырдық. Олармен бірлесіп егіс егу мен суарудан бастап, минералды тыңайтқыш енгізу және егістікті күтіп-баптауға дейінгі негізгі кезеңдердегі жұмыстарды жолға қойдық. Бұл жұмыстың нәтиже қазірдің өзінде көрініп отыр. Мәселен, өткен жылы орташа өнімділік гектарына шамамен 33 центнерді құраса, биыл бұл көрсеткіш 45 центнерге жетті. Яғни егіс алқаптарының көлемі қысқарғанына қарамастан, агротехнологияларды сақтау арқылы өнімділікті арттырып, сонымен қатар су ресурстарын үнемдеуге қол жеткізіп отырмыз, – деді кооператив басшысы.
Осылайша, шаруашылықта өсіру технологияларын сақтауға және суды тиімді пайдалануға басымдық беріліп отыр. Әр кезеңі су режимімен тікелей байланысты күріш үшін мұндай тәсілдің маңызы ерекше.
Техникалық жарақтандыру да маңызды факторлардың бірі. Қазіргі таңда кооперативтің материалдық-техникалық базасында 38 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен агрегат бар. Олар жер жырту, егіс егу, дақылдарды күтіп-баптау, күрішті дестеге түсіру, бастыру, тазалау және жиналған өнімді тасымалдау жұмыстарынlа қолданылады.
Жыл басынан бері күріш өсіру жұмыстарына шамамен 20 бірлік техника тартылды. Лизинг мүмкіндіктерінің арқасында биыл шаруашылық 4 жаңа техника бірлігі сатып алынды. Ержан Қайсановтың айтуынша, шаруашылықтың машина-трактор паркі жыл сайын кезең-кезеңімен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жаңартылып келеді.
Техниканы жаңарту қол еңбегінің көлемін азайтып қана қоймай, дала жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе күріш шаруашылығында маңызды. Өйткені күріш өсіру кезінде әрбір агротехникалық шараны белгіленген мерзімде жүргізу қажет.
– Қазіргі таңда жиын-терін науқанына қажетті техниканың барлығы толық дайын. Күріш жинауды 7 қыркүйектен бастадық. Алдымен піскен күріш орылып, дестеге түсіріледі. Қажетті деңгейде кептірілгеннен кейін комбайндармен жиналып, бастырылады. Техниканы жаңарту арқылы қол еңбегінің көлемін азайтып қана қоймай, жұмыстардың сапасы мен қарқынын арттыруға қол жеткіздік. Бұл әсіресе күріш шаруашылығында маңызды. Себебі әрбір агротехникалық шараны уақтылы жүргізу түпкі нәтижеге тікелей әсер етеді, – дейді шаруашылық агрономы Досан Қайраханов.
Атап өтсек, «Опытное» кооперативі – өндірістік шаруашылық қана емес, Үштөбе тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған маңызды кәсіпорындардың бірі. Мұнда механизаторлар, комбайншылар, жүргізушілер, су шаруашылығы мамандары, агрономдар мен басқа да қызметкерлер еңбек етеді. Шаруашылықта 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал егіс және жиын-терін науқандары кезінде жұмысшылар саны артады.
Осылайша, Қаратал ауданындағы күріш өсіру дәстүрі бүгінде заманауи технологиялармен, жаңартылған техникамен және тәжірибелі мамандардың практикалық білімімен ұштастырылып отыр.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ілияс Саяқбаевтың айтуынша, бүгінгі міндет – егіс алқаптарын ұлғайту ғана емес, жер мен су ресурстарын тиімді пайдаланып, әр гектардың өнімділігін арттыру. «Өнімділікті арттыра отырып, өндірістің тұрақтылығын сақтауға ерекше мән береміз», – дейді ол.
Жалпы, Жетісу облысында жиын-терін науқаны жоспарға сай жүргізілуде. Қазіргі таңда дәнді дақылдар 223,6 мың гектар алқаптан жиналды, бұл жалпы егіс көлемінің 76,7%-ын құрайды. 478,9 мың тонна астық бастырылды. Майлы дақылдардың 105,2 мың гектар егіс алқабының 4 мың гектары жиналып, 3,5 мың тонна өнім алынды. Бұдан бөлек, 8,4 мың гектар көкөніс және 4,5 мың гектар бақша дақылдары жиналып, 138 мың тонна өнім өндірілді.
Атап өтсек, соңғы төрт жылда Жетісу облысында заманауи суару технологиялары қолданылатын алқаптардың көлемі 4,6 есеге, яғни шамамен 34 мың гектарға ұлғайғанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта өңірдегі суармалы жерлердің 20,5%-ында ылғал үнемдеу технологиялары қолданылуда.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев,
Сол сияқты фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.