Жетісу облысының алдағы жылу беру маусымына дайындығы жоспарлы түрде жүріп жатыр. Қазіргі уақытта өңірге тәулігіне орта есеппен 27 вагон немесе шамамен 1 900 тонна көмір жеткізілуде. Қатты отын жеткізу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар көмір сатылатын орындар туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда 110 мың тонна көмір дайындалды. Қажетті қорды қалыптастыру жұмыстары жалғасады.
«Қазіргі уақытта Жетісу облысында **46 көмір тұйығы мен қоймасы жұмыс істейді. Оларда 31,8 мың тонна көмір бар. Сонымен қатар отын жеткізу жұмыстары күн сайын жүргізілуде. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның мәліметінше, облысқа тәулігіне орта есеппен 27 вагон келеді. Оның 14 вагоны – Шұбаркөл көмірі, 13 вагоны – Қаражыра көмірі. Күн сайын жеткізілетін отынның жалпы көлемі 1 863 тоннаны құрайды. Күзгі-қысқы кезеңде сұраныстың күрт артуына байланысты көмір кезегінің туындауына және отынды тасымалдаудың кешігуіне жол бермеу үшін көмірді қолайлы ауа райы кезінде, суық түскенге дейін алдын ала сатып алу қажет екенін тұрғындардың есіне саламыз», – деді энергетика және ТҮКШ басқармасының энергетика және инфрақұрылымдық даму бөлімінің басшысы Ернар Елуханов.
Осылайша, өңірде алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда. Көмірдің күн сайын жеткізілуі қажетті қорды кезең-кезеңімен жинақтап, тұрғындарды қысқы отынмен қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік береді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Қанат Өмірәлинов