
Ақпан айының бірінші бейсенбісінде аталып өтетін Дүниежүзілік сайлау күніне орай Қаратал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының бастамасымен оқушылар мен студенттер арасында бірқатар танымдық және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, сайлау институтының маңызын түсіндіру және азаматтық белсенділікті қалыптастыру болып табылады.
Атап айтқанда, Үштөбе гуманитарлық колледжі студенттерінің арасында дебат, № 13 орта мектебінде «Тоғызқұмалақтан» аудандық турнир, аумақтық сайлау комиссиясында «Ашық есік күні», Жас сайлаушылар клубының отырысы сияқты кездесулер өтті. Іс шараға белсенділік танытқан оқушылар мен студенттерге түрлі марапаттар табысталды.
Сонымен қатар қатысушыларға сайлау жүйесінің негізгі қағидаттары, азаматтардың сайлау құқықтары мен міндеттері, демократиялық қоғамдағы сайлаудың рөлі туралы кеңінен мәлімет берілді. Мұндай форматтағы шаралар жас буынның өз ойын еркін жеткізуіне, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауына ықпал етті деп ойлаймыз.
Дүниежүзілік сайлау күніне арналған іс-шаралар жастардың саяси мәдениетін арттыруға, заңға құрметпен қарауға және ел болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жас азаматтардың құқықтық санасын нығайтуға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізілмек.
Сайлау – демократиялық қоғамның басты тірегі, ал оның әділ әрі ашық өтуі сайлау жүйесінде еңбек етіп жүрген әрбір комиссия мүшесіне, оның кәсіби біліктілігі мен жауапкершіліне тікелей байланысты. Осы тұрғыда ауданымыздың сайлау саласының барлық ардагерлерін, аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін Дүниежүзілік сайлау күнімен құттықтаймыз! Осы мерейлі күні баршаңызға мықты денсаулық, отбасы амандығын, еңбектеріңізге табыс және қоғамдық қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!