Жетісу облысының Қаратал ауданында халықтың 98,5% көгілдір отынға қол жеткізеді

Жетісу облысының Қаратал ауданында халықтың  98,5% көгілдір отынға қол жеткізеді

 

Қаратал ауданында газдандыруға жататын 19 елді мекеннің 11-іне көгілдір отын тартылған, қалған 8-і келесі жылға жоспарланған. Бұдан бөлек өңірлік газдандыру схемасына кірмеген тағы 8 ауылға келесі жылы газ құбыры тартылады. Сөйтіп, аудан халқының 98,5% көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұл туралы Қаратал ауданы тұрғындарымен өткен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінгі күні Кәлпе, Оян, Бастөбе, Қанабек, Жаңаталап, Достық, Ортатөбе, Тастөбе, Көкпекті, Сарыбұлақ ауылдарына және Үштөбе қаласына газ тартылған. Ал келесі жылғы жоспарда Ескелді би, Қызылжар, Көкдала, Кішітөбе, Қаражиде, Жылыбұлақ, Жасталап, Үшкөмей ауылдарына газ құбыры төселеді.

- Бұдан бөлек, өңірлік газдандыру схемасына кірмеген Қожбан, Айту, Ұмтыл, Қарашеңгел, Айдар, Бесағаш, Бірлік, Қайнар – осы 8 ауыл тұрғындары да өтініш білдірді, сол өтініштерді қарастыра келе, мәселені оң шештік. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, жергілікті бюджет қаражатынан құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Соның нәтижесінде ауданның 27 елді мекенінде тұратын 40 мың тұрғын, яғни аудан халқының 98,5% табиғи газға қол жеткізеді, - деді Бейбіт Исабаев.

Үштөбе қаласының тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету  ауданда ұзақ жылдан бері өзекті болған келген тағы бір маңызды мәселе болатын. Осығавн байланысты тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін өткен жылы блокты-модульді газ қазандығы орнатылып, биыл 1,7 шақырым магистралды жылу трассасын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары күзде бітеді деп жоспарланып отыр. 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттер облыс әкімінің архивінен алынды.