Үштөбе қаласындағы орталық саябақ «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында алдағы екі жылда жөнделіп, жаңа кейіпке енеді. Бұл туралы Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты.
Кездесуден бұрын өңір басшысы Үштөбе қаласындағы орталық парктің қазіргі жағдайымен танысты. Саябақтың жалпы аумағы 6,6 га.
- «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының аясында орталық саябаққа жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Осы жұмыстың жобалық-сметалық құжаттарын жасауды тапсырамын. Яғни алдағы 2 жылда нысанды жаңа кейіпке келтіріп, ел игілігіне беруіміз керек. Гүлзар егіп, ағаш отырғызып, көгалдандыру қажет. Ең бастысы оған тамшылатып суару жүйесін орнату қолға алынады. Парктің іші заман талабына сай жаңартылады, сосын оны күтіп ұстау маңызды. «Таза Қазақстан» тек айналаны тазалап, ағаш егу ғана емес, ең алдымен менің елім – менің қалам – менің көшем – менің аулам деген ұғымдардың бірлігін терең ұғынатындай әрбір азаматтың санасындағы тазалық, ішкі дүниесіндегі өзгеріс болуы керек, - деді Бейбіт Исабаев халықпен кездесудегі сөзінде.
Бұл ретте жобада кіреберіс аркадан бастап, әткеншектерді жөндеу, балалар ойын алаңдарын жаңарту, суару жүйесін жасауға дейінгі басқа да жаңғырту, абаттандыру жұмыстары түгелдей қамтылатын болады.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы Үштөбедегі «Көкдала» жаңа шағын ауданын абаттандыруға да оң ықпал етпек. Осы күні облыс әкімі аталған шағын ауданда да болды. Мұнда қазір 155 тұрғын үй салынса, оның 125-і соңғы үш жылда тұрғызылған. Соның ішінде биыл құрылысы басталған 50 үйдің 10-ы қолданысқа беруге дайын, ал 40-ының құрылысы жалғасуда. Бұл баспаналар кезекте тұрған азаматтарға беріледі деп жоспарланып отыр. Мұнда ағаштар егіліп, балалар ойын және спорт алаңдары салынған, ауыз су жүйесі тартылған, газ жеткізу де алдағы жоспарда бар. Қазір көшелер жарықтандырылып, тротуар төселуде.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көктемгі мерзімде «Көкдала» шағын ауданына 1100 түп ағаш отырғызылған. Қазір жасыл желекті күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде. Мұнда тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Резервуарлар таңертең және кешке - екі уақыт автоматты түрде қосылып тұрады.