Соңғы 2 жылда Қаратал ауданында 20 жаңа әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

Соңғы 2 жылда Қаратал ауданында 20 жаңа әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

✅ Соңғы 2 жылда Қаратал ауданында 20 жаңа әлеуметтік нысан қолданысқа беріледі, соның 9-ы – денсаулық сақтау саласында, 5-і – мәдениет, 6-ы – спорт нысаны. Тағы 6 нысан күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды.

🏥 «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 6 ауылда медициналық нысандардың, яғни 5 фельдшерлік-акушерлік, 1 медициналық пункт құрылысы жоспарланған болатын, соның ішінде Дойыншы ауылындағы медпункт қолданысқа берілді. Бұл ретте Қызылжардағы фельдшерлік-акушерлік пункт осы айдың соңында ашылады. Ал Қаражиде, Қанабек, Ортатөбе және Оян ауылдарындағы осындай пункттердің құрылысы қараша айында аяқталады.

💬 - Бұдан бөлек, жақында Алмалы ауылында блокты-модульдік медициналық пункт қолданысқа берілді. Сол сияқты Жасталап ауылындағы осындай нысан және Үштөбеде жедел жәрдем қосалқы станциясына арналған блокты-модульдік кешен осы айдың соңында аяқталады, ал Жаңаталап ауылындағы дәрігерлік амбулатория жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, - деп атап өтті Б.Исабаев.

🩺🔬 Биылғы қыркүйек айында Кәлпе, Бастөбе ауылдары мен Үштөбе қаласына 3 санитарлық автокөлік және жыл соңына дейін сандық маммограф, компьютерлік томограф, рентгендік флюорографиялық стационарлық цифрлық аппарат және т.б медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады. Ал дәрігер тапшылығын шешу мақсатында биыл 2 дәрігерге 20 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз көтерме жәрдемақы төленіп, 7 дәрігерге Үштөбе қаласынан тұрғын үй берілген.

🏫🏨 Ал білім беру саласында Тастөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектеп пен Бастөбе сервистік-техникалық колледжі күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Көкпекті ауылындағы Ж. Молдағалиев атындағы мектепке балаларды тасымалдау үшін жаңа автобус сатып алынды.

🎹🎺 Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы Ескелді би және Жанаталап ауылдарында блокты-модульді мәдениет үйлері пайдалануға берілсе, биыл Көкпекті ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар Тастөбе, Алмалы және Көпбірлік ауылдарында блокты-модульді мәдениет үйлерінің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

🏟️⚽🏐 Ауданның спорт саласында да оң өзгерістер бар. Өткен жылы Көпбірлік, Тастөбе және Ескелді би ауылдарында блокты-модульді спорт кешендері орнатылды. Сонымен қатар Қәлпе ауылында жеке инвестордың қаржысы есебінен үстел теннисі кешені салынып, қолданысқа берілді. Алдағы қазан айында Алмалы ауылында тағы бір жаңа блокты-модульді спорт кешені іске қосылады.