Соңғы екі жылда Қаратал ауданында 20 жаңа әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

Соңғы екі жылда Қаратал ауданында 20 жаңа әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

Соңғы екі жылда Қаратал ауданында 20 жаңа әлеуметтік нысан қолданысқа берілді, соның 9-ы – денсаулық сақтау саласында, 5-і – мәдениет, 6-ы – спорт нысаны. Тағы 6 нысан күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 6 ауылда медициналық нысандардың, яғни 5 фельдшерлік-акушерлік, 1 медициналық пункт құрылысы жоспарланған болатын, соның ішінде Дойыншы ауылындағы медпункт қолданысқа берілді. Бұл ретте Қызылжардағы фельдшерлік-акушерлік пункт осы айдың соңында ашылады. Ал Қаражиде, Қанабек, Ортатөбе және Оян ауылдарындағы осындай пункттердің құрылысы қараша айында аяқталады.

- Бұдан бөлек, жақында Алмалы ауылында блокты-модульдік медициналық пункт қолданысқа берілді. Сол сияқты Жасталап ауылындағы осындай нысан және Үштөбеде жедел жәрдем қосалқы станциясына арналған блокты-модульдік кешен осы айдың соңында аяқталады, ал Жаңаталап ауылындағы дәрігерлік амбулатория жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Соңғы екі жылда Қаратал ауданында 20 әлеуметтік нысан, соның ішінде денсаулық сақтау нысандары да салынып 6-уы күрделі жөндеуден өтті Бұл бұған дейін болмаған көрсеткіш, - деп атап өткен Б. Исабаев әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі де назар аударылып отырғанын атап өтті.

Белгілі болғандай, орталық аудандық аурухананың күрделі жөндеу жүрігізіліп жатқан «В» блогында құрылыс жұмыстары аяқталған, қазір маңайы абаттандырылуда. Биылғы қыркүйек айында Кәлпе, Бастөбе ауылдары мен Үштөбе қаласына 3 санитарлық автокөлік және жыл соңына дейін сандық маммограф, компьютерлік томограф, рентгендік флюорографиялық стационарлық цифрлық аппарат және т.б медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады. Ал дәрігер тапшылығын шешу мақсатында биыл 2 дәрігерге 20 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз көтерме жәрдемақы төленіп, 7 дәрігерге Үштөбе қаласынан тұрғын үй берілген.

Ал білім беру саласында Тастөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектеп пен Бастөбе сервистік-техникалық колледжі күрделі жөндеуден өтті. Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар жаңартылған ғимараттарда білім алатын болады. Сондай-ақ Көкпекті ауылындағы Ж. Молдағалиев атындағы мектепке балаларды тасымалдау үшін жаңа автобус сатып алынды.

Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы Ескелді би және Жанаталап ауылдарында блокты-модульді мәдениет үйлері пайдалануға берілсе, биыл Көкпекті ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар Тастөбе, Алмалы және Көпбірлік ауылдарында блокты-модульді мәдениет үйлерінің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Ауданның спорт саласында да оң өзгерістер бар. Өткен жылы Көпбірлік, Тастөбе және Ескелді би ауылдарында блокты-модульді спорт кешендері орнатылды. Сонымен қатар Қәлпе ауылында жеке инвестордың қаржысы есебінен үстел теннисі кешені салынып, қолданысқа берілді. Алдағы қазан айында Алмалы ауылында тағы бір жаңа блокты-модульді спорт кешені іске қосылады.

Жалпы, 2024–2025 жылдары әлеуметтік нысандарды жаңғырту мен жаңарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде Қаратал ауданындағы инфрақұрылымның жағдайы айтарлықтай жақсарып, бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін болады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев, сонымен қатар Қаратал ауданының әкімдігі ұсынған.