Құрметті сауда орындарының басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ата-аналар және ел болашағына бейжай қарамайтын жанашыр азаматтар!

Құрметті сауда орындарының басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ата-аналар және ел болашағына бейжай қарамайтын жанашыр азаматтар!

2025 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Аталған өзгерістерге сәйкес, энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға қатаң тыйым салынады. Бұл қадам — өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығын қорғау мен семіздік және өзге де жұқпалы емес аурулардың алдын алу мақсатында қолға алынған.

«Біз күн сайын 14–16 жастағы жеткіншектердің энергетикалық сусындарды емін-еркін сатып алып жатқанын көреміз. Көп жағдайда сатушылардың өздері бұл әрекетке көз жұма қарап, заңға қарсы келіп жатады. Осы орайда барлық сауда нүктелерінің иелеріне үндеу жасаймыз: заң талаптарын қатаң сақтаңыздар. Энергетикалық сусындар 21 жасқа толмағандарға сатылмауы тиіс — дүкенде де, автоматтарда да, интернет арқылы да. Әрбір сауда барысында сатып алушының жасын растайтын құжатты тексеріңіздер. Сондай-ақ сөрелерде тек қана қауіпсіз, сапасы дәлелденген өнім тұруы қажет. Бұл — балаларымыздың денсаулығына тікелей байланысты мәселе», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Сондай-ақ энергетикалық сусындар сатылатын орындарда келесідей мазмұндағы ескерту жазбасы көзге бірден түсер жерге орналастырылуы тиіс: «Энергетикалық сусындарды жиырма бір жасқа дейінгі тұлғаларға сатуға тыйым салынады».

Энергетикалық сусындарды тұтынуды шектеуде ата-аналардың орны айрықша. Балалармен ашық әңгімелесіп, стимуляторлардың зияны туралы түсіндіру, олардың не сатып алып жүргеніне қызығушылық таныту, ең бастысы — салауатты өмір салтының жарқын үлгісін көрсету аса маңызды.