Жетісу өңірінде жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу шаралары белсенді жүргізілуде

Жетісу өңірінде жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу шаралары белсенді жүргізілуде

2023 жылдан бастап білім беру процесінің қатысушыларының психологиялық әл-ауқатын нығайтуға бағытталған бірыңғай жүйені қалыптастыратын облыстық Психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталық ұйымдастырушылық, әдістемелік, кеңестік, мобильді көмек көрсету, біліктілікті арттыру және ведомствоаралық өзара іс-қимыл бағыттары бойынша қызмет атқарады. Осы уақыт ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардан 36 өтініш түсіп, көмек көрсетілді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасарының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі жанынан жобалық кеңсе құрылып, суицидтің алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. 10 мектеп «Оқушыларды қолдау жүйесі» порталы арқылы жұмыс істейді.

Жазғы демалыс кезінде «Offline каникулы – 2025» жобасы аясында оқушылардың демалысын қауіпсіз әрі пайдалы өткізу үшін облыс лагерлерінде арт-терапия және топтық тренингтер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, 5–11 сынып оқушылары мен олардың ата-аналарына бетпе-бет кеңес беру және психокоррекциялық көмек көрсетілуде.

Болашақта орталық педагог-психологтарға арналған біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Тергеу барысында жасөспірімдердің суицидке баруына негізгі себептер — отбасындағы жанжалдар, эмоциялық байланыс (ғашықтық), сондай-ақ ҰБТ-ны сәтті тапсыра алмау қорқынышы екені анықталды. Өмірімен қоштасқан 6 жасөспірімнің төртеуі – ұл, екеуі – қыз бала, жастары 16–17 аралығында болған.

Жаңа оқу жылы қарсаңында алдын алу шаралары аясында облыстық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы өңірлердегі ата-аналармен кездесулер өткізіп жатыр. Қазірдің өзінде 30 елді мекенде жиналыстар ұйымдастырылып, педагог-психологтар ата-аналарға маңызды кеңестер беруде: балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару, денедегі жарақаттардың бар-жоғын бақылау, сондай-ақ сынып жетекшілерімен тығыз байланыста болу.

Сонымен қатар, республикалық деңгейде жасөспірімдерді «Қызыл дельфин», «Schoolboy Runaway» секілді суицидке итермелейтін қауіпті ойындарға тартудың алдын алу мақсатында мектеп әкімшілігі, тәлімгерлер мен психологтар ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын бірлесіп жүргізіп келеді.

Сондай-ақ облыстық психологиялық қолдау орталығымен бірлескен іс-шаралар жалғасуда. Аксу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарындағы және Талдықорған мен Текелі қалаларындағы 318 мектепте оқушылар арасында суицид тақырыбында онлайн-сауалнамалар өткізілді.