Жетісу облысында мал шаруашылығы қарқынды дамуда: 5 айда мал басы 4%-ға, асыл тұқымды мал 13,4%-ға артты

Жетісу облысында мал шаруашылығы қарқынды дамуда: 5 айда мал басы 4%-ға, асыл тұқымды мал 13,4%-ға артты

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту мақсатында бекітілген 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасының индикативтік көрсеткіші Жетісу облысында жоспарға сәйкес орындалуда. Өткен 5 айда мал саны 4%-ға өсіп, 2,8 млн. басты құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биылғы жылғы ауа райының қолайсыздығы ескеріліп, азықтық дақылдардың егіс көлемі 97,4 мың га жеткізілді. Нәтижесінде мал қыстату науқанына 2 млн. 236 мың тонна жем-шөп дайындалуда.

Осы орайда өткен 5 айда мал басы 4%-ға, асыл тұқымды мал басы 13,4%-ға артты. Жыл басынан ет өндірісі 3,2%-ға, сүт өндірісі 2,6%-ға ұлғайды.

Мал шаруашылығын дамытуға жергілікті бюджеттен жалпы 7,1 млрд. теңге субсидия бөлініп, игерілуде. Ал ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастыру үшін биыл 4,9 млрд. теңге қарастырылып отыр.

«Саланың материалдық-техникалық базапсын нығайтуға көп көңіл бөлініп келеді. Мәселен, 2022-2025 жылдары облыстық бюджеттен 2 млрд. теңге бөлініп, 71 ветеринариялық пункт пен 1 ветеринариялық станция салынды. Ал 2026 жылы қосымша 16 ветпункт салынып, облыстағы қажеттілік толығымен жабылады. Ветеринариялық пункттер интернет желісімен, вакцина сақтайтын тоңазытқыштармен, ветеринар мамандар 78 дана арнайы автокөліктермен, оның ішінде мал өлекселерін өртейтін 2 жылжымалы автоинсинератор және вакцина таситын 1 рефрижератормен қамтамасыз етілген», - деді Б. Исабаев сөз сөзінде.

Сондай-ақ ветеринар мамандарының орташа жалақысы 2023 жылы 120 мың теңгеден 250-350 мың теңгеге дейін көтерілді.

Аса қауіпті жұқпалы ауруларының 14 түрінің алдын алу бойынша 6,1 млн. екпе жұмыстары жүргізілді, бұл ретте жылдық жоспар 13,3 млн. Нәтижесінде биыл аса қауіпті аурулардың пайда болу ошақтары тіркелген жоқ.

«Фермадан үстелге дейін» қағидасына сәйкес мал шаруашылығы өнімінің қадағалануын қамтамасыз ету мақсатында биыл 2 блокты-модульді мал сою пунктін сатып алу жоспарланған, оған бюджеттен 103 млн. теңге бөлінді.

Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер тарапынан Талдықорған қаласы мен Кербұлақ ауданында 2 мал сою пункттері жабдықталып, іске қосылды.