Көпбірлік ауылында Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекеге Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Айбек Нұрғазыұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасанов Нұрғазым, сала ардагерлері мен еңбек озаттары, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Іс-шара барысында Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Айбек Нұрғазыұлы мерекемен құттықтап, ауданның балық шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
Одан кейін сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғазым ата ақ батасын берді.
Шара аясында ауданның балық шаруашылығына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Марапаттау рәсімін аудан әкімінің орынбасары Айбек Нұрғазыұлы жүргізді. Марапатталған азаматтардың қатарында Жотабаев Рыскелді, Имашев Досан, Туғанбаев Ерлік, Омаров Берікжан, Әрібаев Манарбек сынды сала үздіктері бар.
Салтанатты жиын одан әрі аудан өнерпаздарының арнайы әзірлеген мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты. Концерт барысында халық әндері шырқалып, ұлттық өнер мен мәдениет дәріптелді.
Іс-шара соңында жүргізуші жиынның қорытынды сөзін айтып, қатысушыларға алғысын білдіріп, елдің бірлігі мен берекесі арта берсін деген тілекпен мерекені аяқтады.