13 маусым күні Қаратал ауданында «Әкелер күні» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл күн – отбасындағы әкенің рөлін ардақтап, оның қоғамдағы орны мен еңбегін бағалауға арналған маңызды мереке.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мақсат Бейсбекұлы Чамиренов, ардагерлер ұйымының төрағасы Бақберген Қуатәліұлы Ибраимов, аналар кеңесінің төрайымдары мен аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиын барысында ауданның дамуына өзіндік үлес қосып, өнегелі отбасы иесі атанған бірқатар әкелер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапаттау рәсімін аудан әкімінің орынбасары Чамиренов Мақсат Бейсбекұлы жүргізіп, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол:
– Әке – отбасының тірегі, елдің тұтқасы. Әкелерге деген құрмет – ұрпақ тәрбиесіне, ел болашағына деген құрмет, – деп атап өтті.
Марапатталған азаматтардың қатарында әскери қызметшілер, педагогтер, дін қызметкерлері, кәсіпкерлер және көп балалы, жалғыз басты әкелер болды. Олар өздерінің өмір жолы, еңбекқорлығы және отбасы құндылықтарын жоғары қоюымен көпке үлгі.
Іс-шара соңында аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынып, кеш көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұл игі дәстүр ауданымызда алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол.