Кәлпе ауылында жаңа спорт нысандары ашылды

Кәлпе ауылында жаңа спорт нысандары ашылды

Қаратал ауданында бұқаралық спортты дамыту мақсатында тағы бір маңызды қадам жасалды. Атап айтқанда, Кәлпе ауылында үстел теннисі орталығы мен бокс залының ашылу салтанаты өтті. 

Ашылу салтанатына Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Қазақстан барысының тұңғыш жеңімпазы, күміс кубок иегері Рысқұл Ұлан Ғалымұлы, Қаратал ауданының әкімі Досымбеков Ұлан Әлдибекұлы, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, Жетісу облысының олимпиадалық резервтер даярлау орталығының директоры Мамыров Маулен Сатымбайұлы, «Дизайн-Строй» ЖШС директоры Жайлау Сәкен Үкімов және Қаратал ауданының құрметті азаматы, ауыл ақсақалы Бейсембаев Жанәділ қатысты.

Салтанатты жиында құттықтау сөздер айтылып, спорттық нысанның маңыздылығы мен жастардың болашағына қосар үлесі ерекше атап өтілді. Арнайы рәсім аясында кешеннің кілті теннис орталығының директоры Ербол Ауданғарұлы Мырзахметовке табысталып, ауыл ақсақалы Жанәділ Бейсембаев ақ батасын берді.

Көпшіліктің қатысуымен лента қию рәсімі өтіп, келген қонақтар мен ауыл тұрғындары жаңа спорт кешенін аралап көрді. Заманауи талаптарға сай салынған бұл нысандар ауыл жастарының спортпен тұрақты түрде айналысуына мүмкіндік беріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға серпін беретіні сөзсіз.