Бейбіт Исабаевтың айтуынша, облыстағы 358 елді мекеннің 192-сі газдандыруға жатады. Қазіргі уақытта соның ішінде 84 елді мекенге газ тартылып, 404 мың адам көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін 42 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. Бұл ретте бірқатар жобаларды аяқтау үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен қолдау қажет. Атап өтсек, Жетісу облысы құрылғанға дейін тек 5 елді мекен немесе облыс халқының 29%-ы газдандырылған болатын.
Қазір «Талдықорған-Үшарал» магистральды газ құбырын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні құбырдың дайындығы 97% немесе 294 км, 6 автоматтандырылған газ тарату станциясын орнату жұмыстары басталды, биылғы жылдың қазан айында толығымен аяқталады. Осы құбыр арқылы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы 66 елді мекенді газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Сараптама қорытындысын биылғы жылдың қыркүйегінде алу жоспарланған. Осы жобаны іске асыру 2026-2027 жылдары қаржыландыруды қажет етеді.
Осы аталған жобаларды уақытылы және сапалы іске асыру нәтижесінде көгілдір отынға облыстың 642 мыңнан астам тұрғыны немесе жалпы халықтың 92%-ы қол жеткізе алады, - деп атап өткен Б. Исабаев өңірді газдандыру мәселелері тұрақты бақылауда екенін жеткізді.
Жетісуда жыл соңына дейін тағы 42 елді мекенді газдандыру жоспарланған.