
Көктем шыға салысымен шаруа қожалықтары дәнді дақылдар мен көкөніс егілетін жерлерді жыртып, тырмалап, тегістеп, егіс науқанына қызу кіріседі. Бұл мезгілдегі табиғи өзгерістер, әсіресе күннің нұрының күшеюі, нөсерлі жауындардың жаууы және жердің түрлі түске боялуы кез келген адамның көңіл күйіне ерекше әсер сыйлайды.
Осындай шуақты күндері қаладағы шаруашылықтар да егіс жұмыстарын бастап кетті. Мәселен, «Нам» шаруа қожалығы 4,8 гектар егістік жеріне көкөніс көшеттерін отырғызуға кірісті. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті техникалар – тракторлар, соқалар, тырмалар мен сепкіштер толық дайын.
Ал «Опытное» ауыл шаруашылық кооперативі қазіргі уақытта жер жырту, тырмалау жұмыстарын жүргізіп, 50 гектар жерге арпа, сондай-ақ 140 гектар алқапқа арпа мен көпжылдық шөпті араластырып егу жұмыстарын атқаруда. Бұл жұмыстарға 5 дана К-700 тракторы, 4 сепкіш және 8 тіркемесі бар трактор жұмылдырылған.