Қалалық саябақта жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде

Қалалық саябақта жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде

Қалалық саябақта жүргізіліп жатқан жұмыстар санитарлық тазалау және жоспарлы жаңарту аясында жүзеге асырылуда. Жобаға сәйкес, ескі, қураған және қауіпті ағаштарды кесу жұмыстары жүргізіліп, олардың орнына жас көшеттер отырғызылуда. Жас ағаштардың өсіп, қалың көлеңке беруі үшін уақыт қажет екенін түсінеміз. Осыған байланысты көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып, қосымша суару және тиісті күтім жасау қамтамасыз етілуде. Жақын уақытта саябақта көлеңкелі аймақтар, жаңа аллеялар мен демалыс орындары көбейетін болады.

Үштөбе қаласында ауқымды өзгерістер орын алуда. Жақын арада Абылай хан көшесі мен Орталық демалыс саябағы жаңартылатын болады. Жаңғырту аясында бірқатар жұмыстар атқарылып, аумақты абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Қала әкімі Қуат Оңғаров қаланың келбетін дамыту және жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Ол барлық жұмыстар толық аяқталғанға дейін тұрғындарды сабыр сақтауға шақырып, атқарылып жатқан шаралардың барлығы қаланың одан әрі гүлденуі мен көркеюіне бағытталғанын жеткізді.

Сонымен қатар, орталық стадион маңында көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ФОК) құрылысы жоспарлануда. Бұл спорт пен салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар үшін жағымды жаңалық болмақ.

Қала тұрғындарының пікірі біз үшін өте маңызды. Сіздердің барлық ұсыныс-тілектеріңіз бен алаңдаушылықтарыңыз назарға алынды. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз!